Маңғыстаудың Қарақия ауданында дронға ұқсас зат табылды

Фото: Lada.kz

АҚТАУ. KAZINFORM — Болашақ теміржол станциясының маңында, шекараға жақын жерде ұшқышсыз ұшу аппаратына ұқсас белгісіз зат табылған. Бұл туралы құзырлы органға тұрғындар хабарлаған.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, дрон елді мекендерден алыс, адам тұрмайтын аумақтан табылды.

— Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен уәкілетті органдар тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Табылған заттың нақты қандай құрылғы екені және оның қайдан келгені әзірге белгісіз. Жапа шеккендер жоқ, материалдық залал тіркелмеді, — делінген хабарламада.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде.

Бұған дейін, Каспий теңізінде Қазақстан мен Әзербайжанның әскери теңізшілерінің оқу-жаттығуы өтіп жатқанын жазған болатынбыз.