АҚТАУ. KAZINFORM — Болашақ теміржол станциясының маңында, шекараға жақын жерде ұшқышсыз ұшу аппаратына ұқсас белгісіз зат табылған. Бұл туралы құзырлы органға тұрғындар хабарлаған.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, дрон елді мекендерден алыс, адам тұрмайтын аумақтан табылды.
— Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен уәкілетті органдар тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Табылған заттың нақты қандай құрылғы екені және оның қайдан келгені әзірге белгісіз. Жапа шеккендер жоқ, материалдық залал тіркелмеді, — делінген хабарламада.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде.
Бұған дейін, Каспий теңізінде Қазақстан мен Әзербайжанның әскери теңізшілерінің оқу-жаттығуы өтіп жатқанын жазған болатынбыз.
Аягөз Ізбасарова
Ізбасарова Аягөз Оралбайқызы телевизия саласында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында жүргізуші-редакторлықтан бастап, редактор, шеф-редактор қызметтерін атқарды. Соңғы 7 жылдан бері «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстаудағы меншікті тілшісі. Ақпарат саласының үздігі. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде 2024 жылғы мамырдан бастап қызмет етеді.