Маңғыстаудың көрікті жерлері бейнеленген фотокөрме 20 күн бойы өтеді

Фото:

Маңғыстаудың көрікті жерлері бейнеленген «Марс пейзаждары» атты көрме өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмені өңірлік туризм басқармасының тапсырысымен «National Geographic Qazaqstan» журналы ұйымдастырды. Басты мақсат – өңіріміздің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде насихатталуын ілгерілету.

«Жоба аясындағы жарнамалық-ақпараттық экспедицияға елімізге белгілі фотошеберлер қатысып, өлкеміздің киелі һәм көрікті орындарына арнайы сапарлар ұйымдастырылды. Осы экспедицияның қорытындысы бойынша әзірленген «Марс пейзаждары» атты арнаулы фотокөрме Ақтау қаласының қонақтары мен жұртшылығына ұсынылып отыр. Көрменің салтанатты ашылуы болып, қызыл лента қиылды. Өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Іс-шараға келген облыс, қала тұрғындарына алғыс айтамыз», - деді Маңғыстау облысы туризм басқармасы «Туризмді ілгерлету және дамыту» бөлімінің басшысы Гүлсім Жариева.

Көрмеге қала тұрғындарынан бөлек шетелден келген италияндық, ресейлік азаматтар да көрермен болды. Олар маңғаз мекеннің көрікті жерлерін суреттен көріп-ақ тамсанғанын айтты.

«Мен Ақтау қаласына алғаш рет келдім. Қаланы аралап жүріп көрмеге тап болдым. Өте әдемі суреттер, сәтті кадрлар жиналыпты. Жақында ғана Маңғыстаудың Ыбықты сай шатқалында болдым. Енді келесіде осы суреттерде бейнеленген көрікті жерлерге баруды жоспарлап отырмын», - деді ресейлік көрермен Наталья Утина.

Айта кетейік, аталған көрме 20 күн бойы Ақтау қаласындағы 4-шағынауданда орналасқан «Шум» сауда орталығының 2-қабатында көрермен назарына ұсынылады.