Маңғыстауға қоқиқаздар қайта орала бастады

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысында қоқиқаздардың күзгі маусымдық көші басталды. Алғашқы құстар Қарақия-Қаракөл мемлекеттік табиғи зоологиялық қаумалына келді.

Фото: Экология министрлігі

Ұлттық табиғи парк мамандарының мәліметінше, күзгі кезеңде Қарақия-Қаракөл қоқиқаздардың маусымдық көші-қон кезінде аялдайтын орындарының біріне айналады. Қаракөл көлі - су маңын мекендейтін құстар үшін маңызды табиғи аумақ.

Қазақстанда қоқиқаздар ерекше қорғалатын құстардың қатарына жатады және Қызыл кітапқа енгізілген. Олар ұзын аяқтарымен, иілген тұмсығымен және қызғылт түсті қауырсынымен ерекшеленеді.

Қарақия-Қаракөл мемлекеттік табиғи зоологиялық қаумалы Маңғыстау облысының Қарақия ауданы аумағында орналасқан. Оның аумағы 137,5 мың гектар.

Мамандардың айтуынша, қоқиқаздардың маусымдық келуі - табиғи үдерістің бір бөлігі. Құстардың көші-қоны мен аялдау ерекшеліктері табиғи аумақ мамандарының бақылауында.

Бұған дейің, Қоқиқаздардың мекенін сақтау үшін Қорғалжынға 40 млн текше метр су жіберілді.