Маңғыстауға саяхат қанша тұрады: Ақтаудағы демалыс, қонақ үй және көрікті жерлер

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстауға саяхаттауды жоспарлаған туристерді Каспий жағасындағы демалыс, ерекше табиғи ландшафттар, көне тарихи орындар мен ұлттық мәдениетпен танысу мүмкіндігі күтеді. Маңғыстау облысы бүгінде Қазақстандағы ең танымал туристік бағыттардың біріне айналып келеді.

Фото: Маңғыстау облысы туризм басқармасы

Ақтауға Астана мен Алматы қалаларынан әуе қатынасы арқылы жетуге болады. Ұшу уақыты — шамамен 2,5-3 сағат. Әуе билетінің бағасы маусымға және сұранысқа қарай өзгеріп отырады. Орта есеппен бір бағыттағы билет құны 45-50 мың теңгеден басталады.

Қалаға келген туристер ең алдымен Каспий теңізінің жағалауына ат басын бұрады. Ақтауда заманауи жағажайлар, демалыс орындары мен серуендеуге арналған жағалау аймақтары бар. Жаз мезгілінде мұнда күнге қыздырынып, теңізге шомылып, су аттракциондарын тамашалауға мүмкіндік мол. Сонымен қатар жағалау бойындағы дәмханалар мен мейрамханаларда жергілікті тағамдардан дәм татуға болады.

Фото: Ақтау қаласының әкімдігі

Ақтауда демалыс үшін түрлі санаттағы қонақ үйлер мен орналастыру орындары ұсынылады. Қала мен облыс аумағында 100-ден астам туристік орналастыру нысаны жұмыс істейді.

Фото: Booking.com

Олардың қатарында халықаралық және отандық қонақ үй брендтері, жайлы демалыс орындары мен заманауи глэмпингтер бар. Қонақ үй бағасы қызмет көрсету деңгейіне қарай өзгереді: орташа есеппен тәуліктік құны 30 мың теңгеден басталып, жоғары санаттағы орындарда 200 мың теңгеден асуы мүмкін.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Ақтауға келген саяхатшылар тек теңіз жағалауымен шектелмей, Маңғыстаудың табиғи ғажайыптарын аралай алады.

Туристер арасында ерекше сұранысқа ие бағыттардың бірі — Бозжыра шатқалы. Ақ борлы жартастар мен ерекше пішінді тауларымен танымал бұл мекен өңірдің басты символдарының біріне айналған.

Фото: Маңғыстау облысы туризм басқармасы

Сондай-ақ саяхатшылар Қызылкүп алқабын, Боқты тауын, Айрақты — Шоманай тауларын, Торыш шатқалындағы шар тәрізді тастар алқабын және Шерқала тауын тамашалай алады.  

 

Фото: Маңғыстау облысы туризм басқармасы

Бұл орындар табиғатты сүйетіндер мен фото саяхатқа қызығатын туристер үшін ерекше әсер сыйлайды.

Фото: Маңғыстау облысының туризм басқармасы

Маңғыстауға келген қонақтар өңірдің рухани мұрасымен де таныса алады. Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Сұлтан — үпі және Шақпақ ата жерасты мешіттері — тарихи әрі қасиетті орындардың қатарында.

Фото: Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы
Фото: Маңғыстау облысының туризм басқармасы

Туристерге ыңғайлы болу үшін облыста 248 туристік маршрут әзірленген. Бағыттар табиғи көрікті жерлерді, тарихи ескерткіштерді және сакралды орындарды қамтиды.

Сонымен қатар өңірде 22 туроператор жұмыс істеп, бір күндік және бірнеше күнге арналған танымдық, экологиялық және зиярат бағытындағы сапарларды ұйымдастырады.

Фото: Маңғыстау облысының туризм басқармасы

Маңғыстауға бірнеше күнге саяхаттауды жоспарлаған туристің шығыны таңдалған бағыт пен демалыс форматына байланысты болады. Орта есеппен бір адамға 3-4 күндік сапар үшін әуе билеті, қонақ үй, тамақтану және экскурсиялық бағыттарды есептегенде шамамен 250-350 мың теңге көлемінде қаражат қажет болуы мүмкін.

Фото: Маңғыстау облысының туризм басқармасы

Егер турист тек Ақтау қаласында демалып, Каспий жағалауында уақыт өткізуді жоспарласа, шығын көлемі азырақ болады. 

Ал Бозжыра шатқалы, Шерқала тауы, Торыш алқабы сияқты табиғи нысандарға экскурсия қосылған жағдайда көлік пен гид қызметіне қосымша қаражат қажет.

Фото: Маңғыстау облысының туризм басқармасы
Фото: Маңғыстау облысының туризм басқармасы

Бұған дейін Ақмола облысында туристік маусым ресми түрде ашылған болатын. 

Фото: Маңғыстау облысының туризм басқармасы