Маңғыстаулық балалар ұлттық құндылықтарды дәріптейтін лагерде тынықты
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстауда Ақшұқыр ауылында биыл этно лагерь ұйымдастырылды. Мектеп жанынан ашылған ұлттық лагерьде 250 бала жазғы каникулын қызықты өткізді.
– Біздің мақсатымыз – мектеп оқушыларының жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, ұлтымыздың тұнып тұрған асыл мұра, рухани байлығын бойына сіңіріп, құрметтеуге баулып, туған халқы мен өз мемлекетіне адал қызмет ететін елжанды тұлғаларды тәрбиелеу, – дейді Ақшұқыр мектеп-лицейінің директоры Қаламқас Қалиқызы.
«Балбұлақ» этно лагерінде бірнеше бағыт бойынша этно ауылдар құрылып, түрлі үйірмелер ұйымдастырылған.
Атап айтқанда, «Алтын сақа» ұлттық ойындар ауылында балалар қазақ халқының ұлттық спорт түрлерімен танысып, түрлі сайыстарға қатысты. Мәселен, қыз балалар бес тас ойнап жарысса, ұлдар асық, арқан тартыс, қазақша күрес, қол күресі, садақ ату сияқты жарыстарда күш сынады.
Ал «Құлагер» жас атбегілер ауылында балалар қазақтың ат спортының түрлерімен және ат әбзелдерімен танысып көкпар, аударыспақ, теңге ілу сияқты ойындарды ойнады.
«Тоғызқұмалақ» жас ойшылдар ауылында демалушылар ақыл-ойды дамытуға арналған тоғызқұмалақ ойынының қыр-сырын түсінді.
Ұлттық лагерьдегі этно ауылдардың бірі – «Алтын оймақ» қолөнер ауылы. Мұнда қыз балалар үйірме жетекшілерімен жүн түтіп, киіз басу технологиясын меңгерумен қатар ши тоқып, моншақ, бисерлермен заманауи сән бұйымдарын әзірледі.
Ал «Қыш Art» қыш өнері ауылында демалушылар қыштан заманауи ыдыстар әзірлеп, киіз бен теріге, құм мен тасқа түрлі сурет салды.
«Робоарғымақ» ауылында жас роботшылар жаңа технологиялар мен гаджеттерді қолданып сайыстар ұйымдастырды.
Ал, «Балбұлақ маржандары» сал-серілер ауылында демалушылар домбыра party ұйымдастырып, домбырамен, қобызбен күй тартып, ән-жыр айтты.
«Қамажай» бишілер ауылында мың бұралған бишілер тобы қазақтың би өнерін насихаттады.
Этно лагерь ұжымы балалар үшін туристік бағытты да назардан тыс қалдырмады. «Жиһангез» туристік экспедиция ауылында туристік шатырлар орнатылып, түрлі жаттығулар жасалды.
Ал «Тайқазан» ұлттық тағамдар ауылында ұлдар мал сойып, жіліктеуді үйренсе, қыз балалар өз қолдарымен бауырсақ пен таба нан пісіріп, ет асып, қазы, жент, құрт, балқаймақ дайындады.
– Күнде түрлі этно ауылда қонақта болып, ұлттық құндылықтарымызбен танысып жатырмыз. Жансая апай ою-өрнектерді оюды үйретті. Ал Бибіфатима апай құйрық май мен іш майдың пайдасы туралы айтты, көп мәлімет алдық, – деді демалушылардың бірі Гауһар Бұхарбай.
Балалардың демалысын мектеп ұжымы 50 ге жуық педогог ұйымдастырды.