Маңғыстаулық балықшылар түнде балық аулауға рұқсат сұрайды

Фото: Фото: 112_aktau Instagram парақшасы

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының балықшылары шағым айтып, бейнежазба түсірген.

Айтуларынша, құжаттары мен техникалары талапқа сай бола тұра, шекара қызметі мен балық қорғау қызметкерлері айыппұл салып, түнде балық аулауға рұқсат бермейді.

- Әртүрлі себептермен айыппұл салып отыр. Біз түнгі мезгілде қара балықты аулауға рұқсат беруді сұраймыз. Шекара қызметкерлері мазаламаса дейміз, - дейді олар.

«Qazaq balyk» Республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Данияр Әкімжановтың айтуынша, заң бойынша тек күндіз балық аулауға рұқсат берілген.

- Балықшылардың көпшілігінің рұқсаты бар, бірақ түнде аулауға шығуға тыйым салынады. Бүгін біз осы мәселені билікпен және шекара қызметімен талқыладық. «Мемлекеттік шекара туралы» Заңның 48-бабына сәйкес, теңізге тек күндізгі уақытта шығуға болады. Бұл қауіпсіздік, қайғылы жағдайлардың алдын-алу үшін керек. Сондай-ақ, браконьерлермен күресу үшін маңызды, - дейді Данияр Әкімжанов.

Бұған дейін, Маңғыстаулық балықшылар балық қабылдайтын пунктінің жоқтығына шағымданған болатын.