Маңғыстаулық жұмысшылар Президентке үндеуінде не айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау өңірінен бір топ жұмысшы Мемлекет басшысының атына үндеу жолдады.
«Біз, „Отын-энергетика кешені“ (ОЭК) қызметкерлерінің салалық кәсіподағының мүшелері, Президент әкімшілігімен бірлесіп, бұрыннан келе жатқан күрделі мәселелерді және алдымызға қойылған міндеттерді біртіндеп шешіп келеміз. Біз, мұнайшылар, бізге жасаған және жасалып жатқан барлық жақсылықтарыңызға алғыс айтамыз. Алайда зұлым күштер бізді бір-бірімізге қарсы қоюға әрекет жасап, бірлесіп атқарған үлкен шаруаларымызды жоққа шығаруға және болашақта жасалуға тиіс жұмыстарымызға кедергі келтіруге тырысып жатыр. Олар оған қол жеткізе алмайды, өйткені біз сізден және Президент әкімшілігімен бірге екенімізді қаперіңізге береміз. Сізге жетіп жатырған біз жайындағы жағымсыз ақпараттарға сенбеуіңізді сұраймыз. Ол ақпараттардың барлығы жалған, өйткені біздің жасап жатқан іс-әрекеттеріміз Президент әкімшілігімен бірлесіп жасалуда. Біз тек бірігіп қана мызғымас қамал бола аламыз. Ертең өсіп өркендеген елде өмір сүру мақсатында ақылдасып, кеңесіп отырсақ шешілмейтін мәселе жоқ деп есептейміз», — дейді «Отын-энергетика кешені» қызметкерлері.
Президентке үндеу жолдағандар қатарында KMG-Security Жаңаөзен филиалының жұмысшылары да бар.
«Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев біз Президент әкімшілігімен бірігіп бұрыннан келе жатқан мәселелерді және сіз алдыңызға қойған міндеттерді біртіндеп шешіп келеміз. Зұлым күштер бізді бір-бірімізге қарсы қоюға тырысқанымен, олар оған қол жеткізе алмайды, өйткені біз сізбен біргеміз. Ертең өсіп өркендеген елде өмір сүру мақсатында ақылдасып, кеңесіп отырсақ шешілмейтін мәселе жоқ есептейміз», — дейді жұмысшылар.
Өз кезегінде Маңғыстау облысы Oil Construction Company құрылысшылары Президентке алғыс айтудан бастады.
«Құрметті Президент мырза, ел үшін осынау қиын-қыстау уақытта біз әрдайым сізбен біргеміз және сізді қолдаймыз. Біз кәсіподақ мүшелері және Президент әкімшілігі бірлесіп бұрыннан келе жатырған мәселелерді және сіз алдымызға қойған міндеттерді біртіндеп шешіп келеміз. Сыртқы зұлым бізді бір-бірімізге қарсы қоюға тырысқанымен олар оған қол жеткізе алмайды. Өйткені, біз сізбен біргеміз. Біз тек бірігіп қана мызғымас қамал бола аламыз. Ертең өсіп, өркендеген елде өмір сүру мақсатында біз ақылдасып, кеңесіп отырсақ, шешілмейтін мәселе жоқ деп есептейміз. Біз ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен біргеміз!», — дейді компания қызметкерлері.