Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсаннан бері облыстық көпбейінді емханасының жансақтау бөлімінде жатқан Лейла Омарова, Муслимат Сираджова мен Хафизат Халаеваны бүгін Әзірбайжаннан арнайы келген ұшақтармен еліне алып кетті. Үшеуінің де жағдайы нашарлаған жоқ, 1 науқас механикалық вентиляциядан, вазопрессордан және дәрілік седациядан шығарылды. Ал екеуінде вазопрессорлардың дозасы минималды дозаларға дейін төмендетілген. Дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалу үшін барын салды.
«Бүгінде Маңғыстау облыстық көпбейінді емханасында ұшақ апатынан зардап шеккен науқастар жоқ. Маңғыстаулық дәрігерлер әуе апатынан жарақат алған 29 азаматтың түгел аман-есен еліне жеткеніне дән риза», - делінген хабарламада.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшырады.
Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан 38 жолаушы қаза тапты. Өкінішке қарай, мерт болған жандардың арасында 6 Қазақстан азаматы бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтты.
Осыған дейін Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында 6 пациент, оның төртеуі реанимация бөлімшесінде, екеуі травматологияда емделіп жатқанын хабарладық.