Атап айтқанда, ағымдағы тамыз айынан бастап «Маңғышлақ-Астана» бағытындағы №37/38 жолаушылар пойызы фирмалық мәртебеге ие болмақ. Бұл туралы Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінен хабарланды.
Баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, жоғары сапалы вагондар жаңа төсек-орын жабдықтары, столдарға арналған жаюлар, кілем өнімдері, киімге арналған ілгіштер, қосымша гигиеналық құралдар сынды жоғары сапалы керек-жарақтармен қамтамасыз етіледі.
Фирмалық пойыздың қызметтер тізіміне, қазіргі қолданыстағылардан бөлек брқатар қызмет түрлері де енгізілмек. Атап айтқанда, онда жолаушыларды пойызға электрондық билет (жолаушыларды отырғызуды автоматтандырылған бақылау) арқылы отырғызу, бейнемониторлар арқылы бағдарламаларды (купелік және СВ вагондарда) тарату, жолаушыларға гигиеналық топтамаларды, ойындарды, жаңа газет-жұрналдарды ұсыну, мұздатқышта тез бүлінетін азық-түлік өнімдерін сақтау, тамақты жылыту пештерін ұсыну көзделіп отыр.
«Пойыз Крюков вагон құрылысы зауытында (Украина) шығарылған вагондардан құралған. Олардың барлығы жолаушылар вагондарының барлық талаптары мен стандарттарына сәйкес келеді. Жылжымалы құрам мүмкіндігі шектеулі азаматтарды пойызға отырғызу және түсіруге арналған арнайы құрылғылармен жабдықталған. Осы санатты адамдарға арналған купеде мүгедектер арбасына арналған арнайы орын, жылжуға ыңғайлы ұстайтын орындар мен ақпараттық табло бар. Барлық вагондар уақытты, вагон ішіндегі ауа температурасынан хабар беретін жарықты-диодты ақпараттық тақталармен жабдықталған. Вагондардың ең үлкен құрылымдық жылдамдығы сағатына 160 шақырымды құрайды», - делінген баспасөз баянында.
Вагондар вакуумды дәретханалармен, жылыту жүйелерімен және ауа тазарту жүйесімен қамтамасыз етілген. Олар қыста 20-22°С-тан төмен емес температураны, ал жазда 24-26°С-тан жоғары емес температураны ұстап тұруға мүмкіндік береді.