Үкімет отырсында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осындай ақпарат берді.
«2022 жылы гранттар саны 10% артады. Бұған қоса техникалық мамандықтарға арналған гранттардың үлесі 40%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ, ауылдық квота да биыл 35%-ға дейін ұлғайтылады.
Білім сапасы жағынан алшақтығы бар өңірлердің абитуриенттеріне техникалық бағыттары бойынша қосымша 10 000 нысаналы грант бөлінетін болады. Біз талдау жүргізіп, өңірлерді анықтадық. Бұл – Маңғыстау, Атырау облыстары. Жоспарға сәйкес студенттер еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алатын болады. Сондай-ақ, оқу аяқталған соң тұрғылықты жерлеріне барып өтеу көзделеді», - деді министр.
Оның айтуынша, экономкалық мамандықтардың бакалавриаттарын дайындау мерзімі қысқаруы мүмкін.
«Экономика үшін кадрларды жедел даярлау үшін биыл пилоттық режимде 2,5-3 жыл оқытумен қолданбалы бакалавриат енгізіле басталады.
Жоғарғы білім беруде «онлайн-оқыту» жаңа нысанын енгізу жоспарлануда. Тиісті заң жобасы Мәжілісте қаралуда. Бұл цифрландыру заманының сұранысына сай келетін шара», - деді Асхат Аймағамбетов.