Маңғыстау кеден қызметкеріне қатысты 6 қылмыстық іс қозғалды
19:34, 14 Наурыз 2013
АҚТАУ. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Ақтау қаласы бойынша контрабандамен күрес басқармасының қызметкерлері көліктік прокуратура және жол полициясы өкілдерімен бірлесіп Грузия Республикасының азаматтары басқарған BMW X-6 (2008 жылғы), Mercedes C-180T (1998 жылғы) және Опель-Вектра (1999 жылғы) көліктерін анықтап, ұстады.
Кеден декларациясын тексеру кезінде мәлім болғандай, кеден органының нөмірлік мөрі айқын көрінбейді, сондай-ақ аталмыш декларацияларды толтырған қызметкер құжаттың қажетті тұстарына қол қоймаған. Бұл іске кеден департаменті қызметкерінің қатысы бар екендігі анықталды.
«Ішкі қауіпсіздік қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру және тексеріс барысында аталған фактілерге қатысты бар Маңғыстау облысы бойынша кедендік бақылау департаменті ақпараттық технологиялар бөлімінің қызметкеріне қатысты ҚР ҚК-нің 308 бабы, 4 бөлімі, «в» тармағы және 314 бабы, 2 бөлімі бойынша6 қылмыстық іс қозғалды», - деді Маңғыстау облысы бойынша кедендік бақылау департаменті тәуекелдерді талдау және статистика бөлімінің бастығы Мақсат Ақмұратов.