Маңғыстау облысының прокурорлары бағалау құны 145 млн теңгеден асатын «Маңғыстау облыстық тері-венерологиялық диспансері» коммуналдық кәсіпорнын мемлекетке қайтарды. Бұған дейін кәсіпорын Үкіметтің Денсаулық сақтау объектілерін мемлекет иелігінен шығаруға салынған тиымына қарамастан, кейіннен сатып алу құқығымен 5 жыл мерзімге «Қарақия оңалту орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сенімгерлік басқаруға берілген болатын. Бүгінгі таңда сенімгерлік басқаруға беру шарты бұзылып, мүлік қайтадан мемлекеттің басқаруына қайтарылды.
Ал, елордалық прокуратура мемлекет гранттар түрінде бөлген ақшаны қайтару жөнінде шаралар қабылдады. Мәселен, Ғылым қоры 2017-2019 жылдар аралығында «Flow System» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға 259 млн теңге сомасында грант берген. Алайда, грант алушы Ғылым қоры алдындағы міндеттемелерін орындамай, жобаны іске асырмаған. Осыған байланысты прокуратура сотқа талап арыз енгізді. Нәтижесінде сот жауапкерден мемлекет пайдасына 259 млн теңге өндірді.