Маңғыстау облысы алты айда 256 млрд теңге инвестиция тартты

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Маңғыстау облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен Президенттің халыққа Жолдауы, «Бес әлеуметтік бастамасынан» туындаған Елбасы мен Үкімет берген тапсырмалардың орындалуы  талқыға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық негізгі көрсеткіштерінен оң динамика байқалады.

Жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) көлемі 659 млрд теңгені құрады немесе өсім 101,2%. Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда, есепті кезеңде 1,4 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, оның нақты көлем индексі 101,2%-ды құрады. Ең басты міндет - өңдеу секторын дамыту. Аталған сектордың жалпы өнеркәсіптік өндірістегі үлесі соңғы 3 жылда 5%-дан 9%-ға дейін өсті. Есепті кезеңде өндіру көлемі 12%-ға артып, 119 млрд теңгеге жеткен.

Индустрияландыру картасы аясында облыста құны 395 млрд теңге болатын 45 жоба іске асырылды. 4 мыңнан аса жұмыс орны құрылды.

Ағымдағы жылы инвестициялық құны 19 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Биылғы 6 айда өңір экономикасына 6% өсіммен 256 млрд теңге инвестиция тартылды.

«Маңғыстау облысы 37 елмен экспорт-импорттық операция жүргізеді. Жыл басынан бері әлеуетті инвесторларымен келіссөздер жасасып, 6 меморандумға қол қойылды. Соның бірі - Біріккен Араб Әмірлігінің DP World трансұлттық компаниясымен «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағын дамыту мақсатында жүргізілген кездесулер. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары барысында аталмыш компаниямен «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының 49% акциясын сатып алудың негізгі қағидаттары туралы негіздемелік келісімге келген болатын. Келісімге сәйкес, «DP World» компаниясы арнайы экономикалық аймақты басқаруға қатысады. Бұл өз кезегінде Маңғыстау облысының халықаралық логистика тізбегіне енуіне, аталған компанияның көлік логистикасы саласындағы тәжірибесі мен озық технологияларын қолдануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, Актау портын одан әрі белсенді дамытуға, басым бағыттар бойынша инвестициялар тартуға, тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті өндірістер құруға қолайлы жағдай жасалады», - деді облыс әкімі.

Облыстың инвестициялық жобалар портфеліне құны 1,4 трлн теңге болатын 6 жоба енгізілді. 

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында жыл басынан бері құны 860 млн теңгені құрайтын 40 жоба мақұлданды. Былтыр осы кезеңде 24 жоба мақұлданған еді. Жаңадан кәсібін ашатын кәсіпкерлерді қолдау мақсатында өңірлік «Нұр капитал» бағдарламасы сәтті іске асырылып келеді. Бүгінгі таңда 2 млрд теңгенің 110 жобасы қолдау тапты.

Өңір экономикасының басым бағыттарының бірі - аграрлық секторды дамыту. Есепті кезеңде 5,3 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, саланың нақты көлем индексі 105,1%-ды құрады. Бүгінде облысымызда мал шаруашылығында 1000, егін шаруашылығында 159 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Жыл басымен салыстырғанда мал саны 43%-ға немесе 502 мыңнан 719 мыңға дейін өсті. Егін шаруашылығында 1100 гектарға егін егілді. Ауыл шаруашылығын дамытуға, егін және мал өнімдерінің сапасын арттыруға «Агробизнес - 2020» бағдарламасы аясында 1 млрд теңге көлемінде субсидия бөлінді.

Сондай-ақ, облыс әкімі 12 тамыз күні Ақтау қаласында өткізілетін Каспий маңы елдерінің 5-ші саммитіне дайындық жұмысына тоқталды. Халықаралық маңызы бар шараға Ресей, Түркменстан, Әзірбайжан, Иран елдерінің президенттері келеді. Саммит барысында тарихи маңызы бар құжат қабылданады, ол - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция. Сонымен қатар, «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» және «Жетібай-Жаңаөзен-Кендірлі» автомобиль жолдарының құрылысын бастауға, Құрық портында 2,5 миллион тонна жүк паромын жөнелтуге старт беру шаралары өтеді. Теңіз жағалауын, «Жар асты жолдары» нысанын қайта жаңғырту, қаланы көгалдандыру, безендіру, жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.