Маңғыстау облысы еңбек дауы бойынша көш бастап тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы еңбек дауы бойынша көш бастап тұр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.

«Жыл басынан бері республикада 10 еңбек дауы тіркелген. Оның ішінде Маңғыстау облысында - 4, Астана қаласы, ШҚО, СҚО, ОҚО, Алматы мен Атырау облыстарында бір-бірден орын алған. Олар негізінен жұмыскерлердің жалақы деңгейін жоғарылату талаптарын қою және еңбекақыны уақытында өтемеу салдарынан болып жатады», - деді министр ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен әлеуметтік серіктестік, әлеуметтік және еңбек дауларын реттеу республикалық комиссиясының отырысында.

Еңбек министрлігінің мәліметтері бойынша, еңбек дауларының барлығы мемлекеттік органдардың жедел іске араласуының арқасында дер кезінде шешілген. Ақпан-шілде айларындағы жалақы қарызы 3 есеге азайып, 253 млн. теңге көлемінде қалды.

Отырыс барысында ҚР Үкіметі және Жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестігі арасында 2015-2017 жылдарға арналған келісімнің жобасы қаралды.

Жиын қорытындысын шығарған Б. Сағынтаев серіктестік қарым-қатынастары саласында жұмыскерлер мен кәсіпкерлердің құқықтық және мәдени деңгейін жоғарылату мәселесін қолға алу керектігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ еңбекшілердің жалақы қарыздарын өтеу мәселесін одан әрі белсенді жүргізуді тапсырды.