Маңғыстау облысы «қызыл» аймақта: Бас санитарлық дәрігер карантинді күшейтті
17:10, 23 Сәуір 2021
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша «қызыл» аймаққа енуіне байланысты өңірдің Бас мемлекеттік-санитарлық дәрігері Ғ. Надуевтың жаңа қаулысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңа қаулыға сәйкес сенбі және жексенбі күндері азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарлардың қызметі шектеледі.
Сондай-ақ, спорт кешендері, спорт-сауықтыру орталықтары мен фитнес орталықтары демалыс күндері жұмыс істемейді.
Мемлекеттік органдар (ұйымдар), ұлттық компаниялар, бизнес-орталықтар және басқа да офис қызметкерлерінің 80% қашықтан жұмыс режиміне және 20% күндізгі жұмыс режиміне ауыстырылады.
Балабақшалар 15 баладан аспайтын кезекші топтармен жұмыс істейді.
Супермаркет, гипермаркет жұмысы кешкі сағат 23:00-ге дейін жалғасады.
Қоғамдық тамақтану орындары 20:00-ге дейін ашық болады.