Түркістан облысы Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдайға байланысты зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіп, қолдау білдіру мақсатында Маңғыстау облысында гуманитарлық көмек жинау пунктері ұйымдастырылды.
Пунктерде жүк жинау жұмыстары 4 – 9 мамыр аралығында қалалар мен аудандардағы жастар ресурстық орталықтарының базасында және ірі азық-түлік дүкендері мен базарлардың алдында жүргізілді.
Гуманитарлық жүктің ішінде ұзақ сақталатын азық-түліктер, киім-кешектер мен төсек-жабдықтар, дәрі-дәрмектер және гигиеналық құралдар қамтылды.
Алғашқы гуманитарлық көмек 7 мамыр күні Мақтаарал ауданынан ең шалғай өңір — Жаңаөзен қаласынан жөнелтілді. 7 газель автокөлікпен жалпылай есептегенде 7,5 тоннаға жуық гуманитарлық жүк жіберілді.
Екінші гуманитарлық көмек 9 мамыр күні Ақтау қаласынан және Бейнеу, Мұнайлы, Қарақия аудандарынан жіберілді. 2 фура және 14 газель автокөлікпен жалпылай есептегенде 70 тоннаға жуық гуманитарлық жүк мақтааралдықтарға жөнелтілді.
«Жалпылай алғанда, осы аралықта 77,5 тоннаға жуық гуманитарлық жүк Маңғыстау жұртшылығы атынан түркістандықтарға жеткізілді», - деді Нұртас Сали.
Бүгінгі күні Түркістан облысында арнайы жүк жинау қоймалары ұйымдастырылып, тұрғындарға тарату жұмыстары жүргізілуде.