Маңғыстау облысына жаңа өкіл имам тағайындалды
Маңғыстау облыстық орталық мешітінің бас имамы болып Смайыл Сүйерқұлұлы Сейтбеков тағайындалды.
Бұл туралы muftyat.kz хабарлады.
Маңғыстау облысы бойынша тағайындалған жаңа өкіл имамды Мағыстау облысының әкімі А.Айдарбаев қабылдады. Бас мүфтидің тапсырмасына орай жаңа тағайындалған өкіл имамды ҚМДБ-ның Мешіт істер бөлімінің меңгерушісі Ербол Сағиұлы таныстырып, облыс әкіміне Бас мүфтидің ыстық ықыласпен айтқан үлкен сәлемін жеткізе отырып, күні кеше өткен тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған лебізін жеткізді.
Облыс әкімі А.Айдарбаев жаңа тағайындалған өкіл имамға сәттілік тілеп, алдағы уақытта асыл дінімізге, облыстағы діни ахуалдың, дінаралық татулықтың тұрақты болуына өз тарапынан қолдау көрсететінін айтып өтті.
Облыстық орталық мешітте жұма намазының алдында Ербол Сағиұлы бірлік, ынтымақ жайында уағыз айтып, жамағатқа Бас мүфтидің бұйрығына сәйкес ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы Т.Мырзаевтың ҚМДБ-ға ауысуына байланысты қызметінен босатылғанын, Маңғыстау облысы бойынша жаңа өкіл имам болып Сейтбеков Смайылдың тағайындалғанын жеткізіп, имамды таныстырды.
Республикаға танымал, Маңғыстау жұртшылығы арасында сыйлы Алдазимова Бибіжамал Мәлікқызы жергілікті жамағат атынан алғысын білдіріп, қазақи дәстүрімізге сай Т.Мырзаевтың иығына шапан жауып, жеңіл автокөліктің кілтін сыйға тартты.
Сейтбеков Смайыл Сүйерқұлұлы 2005-2011 жылдар аралығында ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, 2011-2013 жылдар аралығында ҚМДБ-ның Діни оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған.