Маңғыстау облысында 1 тоннадан астам бекіре тұқымдас балық тәркіленді

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында браконьерлерден жыл басынан 1 тоннадан астам бекіре тұқымдас балық тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: xcook.info

«2022 жыл бойынша табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 39 дерегі тіркелді. Атап айтқанда, өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу бойынша – 30 қылмыс, балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу дерегіне сәйкес 7 қылмыс тіркелді», - делінген Маңғыстау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінде.

Сонымен қатар қару, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру бойынша 1 факті анықталған.

Жыл басынан 241 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, осыған дейін Форт-Шевченко тасжолында келе жатқан көліктен 152 келі бекіре балығы табылғанын жазған едік.


Фото: xcook.info