Маңғыстау облысында 11 қарақұйрықты заңсыз атқан браконьерлер құрықталды

АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында 11 қарақұйрықты заңсыз атқан браконьерлер құрықталды. Бұл ақпаратты ҚР ІІМ баспасөз қызметі таратып отыр.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, Маңғыстау облыстық ІІД-нің табиғатты қорғау және жол полициясы бірлесіп өткізген арнайы іс-шара барысында «Рубеж-20» бекетінде РФ азаматы мен Ақтау қаласының тұрғыны басқаруындағы «Тойота» мен «ВАЗ-21021» көліктері тоқтатылған. Көліктерді текеру барысында 11 қарақұйрықтың еті табылып, тәркіленген. Алдын ала болжамға сәйкес, қоршаған ортаға тигізілген залал 6,6 млн. теңге көлемінде бағаланып отыр.

«Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 288 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде», - делінген баспасөз хабарламасында.