Маңғыстау облысында 20 жылдан бері тырысқақ ауруы тіркелмеген

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстауда 20 жылда тырысқақ ауруы тіркелмеген. Соңғы үш айда 439 су сынамасы зерттеліп, нәтижесінде тырысқақ вибрионы анықталмаған. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлнар Көркінбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, ауруды қоздырғыш бактерия әдетте ағзаға залалды тамақпен немесе сумен енеді. Көбінесе бұл ауру санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың сақталмауынан, адамдардың гигиеналық талаптарды орындамауынан және тексерілмеген тағамдарды жеп, лас суды ішуінен пайда болады.

«Тырысқақ ауруының алдын алу үшін тамақ дайындар алдында қолды мұқият жуу қажет. Қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішкен абзал. Рұқсат етілген су айдындарында шомылып, теңіздің, мұхиттың және басқа да су объектілерінің шикі өнімдерін пайдаланбаған дұрыс. Азық-түлік, жеміс-жидек пен көкөністі қайнатылған немесе бөтелкедегі сумен мұқият жуу керек», – дейді Гүлнар Көркінбаева.

Брифинг барысында «Маңғыстау обаға қарсы күрес станциясы» филиалында эпидемиологиялық сұрақтар жөнінде орынбасардың міндетін атқарушы Жадыра Еділова тырысқақ ауруының белгілері туралы айтып өтті.

«Егер адамда жүрек айну, құсу, іш өту, бас ауруы және бас айналу секілді белгілер пайда болған жағдайда дереу дәрігерге жүгіну қажет. Үнемі тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады. Ауру жұқтырмас үшін маңызды гигиеналық дағды – қолды сабындап жууды әдетке айналдырған жөн. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік», – дейді Жадыра Еділова.