Маңғыстау облысында Әбіш Кекілбаев аудиториясы ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің «Педагогика» кафедрасында халық жазушысы, танымал мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевқа арналған оқу аудиториясы ашылды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аудиторияны Әбіш Кекілбаевтың жұбайы Клара Жұмабайқызы мен Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев салтанатты түрде ашып, лентасын қиды.

«Әбіш Кекілбаев қазақ қауымын бірлікке бастап, елін ертеңіне үндейтін, өткен тарихты сараптап, жұртына сабақ көрсететін, ұлттың ұстамы, ұрпақтың ұстазына айналған тұлғалар қатарынан болды. Әбіш аға орақ ауыз шешендігімен, көреген көсемдігімен, айрықша талантымен, абыздық қасиетімен ерекшеленеді. Маңғыстауда Әбіш Кекілбайұлы атындағы рухани орталық салу мәселесі көтеріліп, жобалық жұмыстары жасақталды. Орталық драма театры секілді кешен күйінде салынып, арнайы мұражай, кітапхана, концерттік зал болатынын қарастырған. Маңғыстаулықтар, сондай-ақ, Әбіш Кекілбайұлы энциклопедиясын шығару туралы да бастама көтеріп, тиісті жұмыстар атқаруда», - деп атап өтті аймақ басшысы Алик Айдарбаев.
 

Әбіш Кекілбайұлы атындағы оқу аудиториясы ғұлама дарынның ғибратты өмір жолы туралы ақпараттарды қамтитын «Ә.Кекілбайұлының өмір жолы», «Заманының заңғар ұлы», «Ә.Кекілбайұлының әдеби мұрасы», «Мемлекет және қоғам қайраткері», «Әбіш Кекілбайұлы және Маңғыстау» атты стенділерімен жабдықталған.

Сонымен қатар, оқу аудиториясында ұлы суреткердің қаламынан туған халқының мәңгі рухани сусындар мұрасына айналар еңбектері арнайы кітап сөресіне қойылған. Бұл сөреге жазушы мұрасын зерттеумен айналысып жүрген «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының профессор-оқытушыларының да монографиялары мен оқу құралдары орналастырылған.

Оқу аудиториясының ашылу салтанатында маңғыстаулықтарға арнап «Әбіш әлемі» журналының таныстырылымы өтті.