«Жалпы, Маңғыстау облысында автомобиль жолдарының 95%-ы сапалы деп айтуға болады. Осы бағытта республика бойынша алда келе жатырмыз. Бұрын Ұлттық жол сапасы орталығынан ресми хатқа жауап алу қиын болатын. Қазіргі уақытта облыс тұрғындары жол сапасын тексеру бойынша уәкілетті орган екенімізді біледі», деді «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» республикалық-мемлекеттік кәсіпорны Маңғыстау бөлімшесінің директоры Елтай Таялиев.
2021 жылдың басынан облыс жолдарында 416 бақылау рейдтері жүргізілді. Орталық сарапшылары 52 нысанға барып тексеру өткізді. Қаңтардан қарашаға дейін 1809 сынама алынды. Олардың тек 200-ден астамы сапасыз болып шықты. Осы жол учаскелерінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге жауапты мердігер ұйымдарға қызметтік хат жазылды. Нәтижесінде барлық кемшіліктер түзетілді.
Елтай Таялиевтің айтуынша, Ұлттық жол сапасы орталығы қызметкерлерінің міндетіне жүк көлігін заңмен рұқсат етілген шектен асырмай тасымалдауды бақылау кіреді. Бұл бағыттағы жұмыс көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп жүргізіледі. Осы жылдың жаз айларында 2 мыңнан астам жүк көлігі тексерілді. Заңда белгіленген тәртіпті елемейтін 305 тасымалдаушыдан 268 млн 251 мың теңге өндіріп алынды. Маңғыстауда барлығы 239 карьер бар. Олардың 153-і ұлутас шығарады. Тағы 84-і - қиыршық тас пен құм, екеуі - тұз және бор өндіреді. Жыл басынан бері жылжымалы бақылау бекеті тексеру жүргізгенде 61 карьерлік тасымалдаушыға 21 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Осы жылдың қараша айында өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Маңғыстау ауданына барды. Нәтижесінде Шетпе-Жетібай-Ақтау жолында жүк автомобильдерін бақылау бекеті орнатылды.
Елтай Таялиевтің айтуынша, барлық өңірде осы саладағы мамандар тапшы.
Аида Абулханова