Каспий теңізі жағалауында орналасқан Маңғыстау өңірінің балық шаруашылығы саласын дамытуға биыл 20 млн теңге бөлініп отыр.
2022 жылдың шілдесінен 8974 тонна квота бөлініп, оның 2000 тоннасы іске асырылған. Сондай-ақ былтыр мемлекеттік қолдау аясында берілген 10 млн теңгенің 9 млн теңгесі игерілген.
«2022 жылға акваөсіру өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ асыл тұқымды балық өсіруді дамытуға мемлекет тарапынан 10 500 000 теңге қаражат бөлінген болатын. 9 600 000 теңгесі игерілді», - деді Маңғыстау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының акваөсіру және субсидиялау бөлімінің басшысы Ғабит Балғабаев.
Кәсіпшілік балық аулау аумағы теңіз жағалауымен 6 балық шаруашылығы ауданына, оның ішінде 33 учаскеге бөлінген. Оның 18-і Түпқараған ауданы, ал 8-і Қарақия ауданына тиесілі. Қазіргі таңда 7 учаске резервте тұр.
«2021 жылы кәсіпшілік күш-жігері бойынша 121 бригада, 610 балықшы тіркелген еді. Ал қазіргі таңда 162 бригада, 793 балықшы тіркелген, яғни оның алдыңғы жылмен салыстырғанда 23 пайызға артты», - деді Маңғыстау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының бас маманы Абзал Бақытжанұлы.