Маңғыстау облысында дәретхана қағазын шығаратын зауыт іске қосылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында дәретхана қағазын шығаратын алғашқы кәсіпорын іске қосылды. «Ақтау қағаз зауыты» ЖШС-нің басшысы Сұңғат Еділбаевқа аталған идея 2010 жылы келгенімен, оны жүзеге асыру тек биыл мүмкін болыпты.

«2007 жылдан бері біз медициналық қалдықтарды өңдеумен айналысып келеміз. Бізге өңірдегі өзге кәсіпорындар жиі шығып, макулатураны қайта өңдеуді сұрайтын. Өте көп мөлшердегі қағаздың жайдан-жай өртелетінін көрген кезде расымен ле оны қайта өңдеу керек деген иедя келді. Өзімде бар қаражатқа қондырғысын сатып алдым. Қазір дәретхана қағазының өндірісі үшін біз ескірген архив құжаттарын пайдаланып жатырмыз. Қағаздар мемлекеттік органдардан, компаниялардан тегін жеткізіледі. Өздеріңіз көріп отырғандай, өніміміздің сапасы жақсы, әрі сұранысқа ие. Бұдан былай макулатураны өртеп әуре болмаймыз», - дейді компания басшысы Сұңғат Еділбаев.

Айта кету керек, бұл батыс өңіріндегі дәл осындай алғашқы зауыт. Заман талаптарына ілесу үшін компания басшылары шығарылатын өнім түрлерінің санын арттыруда.

«Бізде жаңашылдықтар бар, мәселен, қазір техникалық қажеттіліктерге арналған қағаз майлықтар өндіріп жатырмыз. Ол қолдағы майды сүртуге өте қолайлы және шүберекті алмастырады. Менің ойымша, бұл өнімнің қаншалықты сапалы екенін мұнайшылар мен автомобиль жөндеумен айналысатын мамандар айтып жатар. Сондай-ақ, жақын уақытта қағаз салфеткалар мен үйге және қоғамдық орындарға арналған қағаз сүлгілер өндіретін боламыз. Логистиканың шығынсыз болуы есебінен біздің өнімнің бағасы шетелден келіп жатқан қағаздардан әлдеқайда арзан әрі сапалы», - дейді С.Еділбаев.

Қазіргі таңда аталған цех күніне 8 сағат жұмыс істейді. Алдағы уақытта кәсіпкер жұмысшылардың санын арттырып, өндірісті тәулік бойына жүргізбекші. Мемлекеттік қолдауының арқасында өндіріс орнына көгілдір отын тартылып, жылу жүйесі іске қосылған.

«Осыдан бір жыл бұрын цехқа газ кіргізуді жоспарладым. Өйткені, көгілдір отынмен біздің шығын азаяды, яғни өніміміздің бағасы арзандайды. Сондай-ақ ғимарат іші салқын болғандықтан жылу жүйесін кіргізбек болдым. Осылайша, жобаның сызбасын қағазға түсіріп, «Даму» қорынан көмек сұрадым. Нәтижесі көп күттірген жоқ, мен «Даму-Өндіріс» бағдарламасының қатысушы атанып, қажетті ақшаны мемлекеттен ала алдым», - дейді кәсіпкер. Айта кету керек, «Даму-Өндіріс» бағдарламасына өндіріспен айналысатын кез-келген отандық кәсіпкер қатыса алады. Бағдарлама арқасында 6 пайыздық жеңілдетілген несие алып, кәсібіңді өрге сүйретуге болады.

Маңғыстау облысы бойынша «Даму» қорының өкілдері хабарлағандай, «Даму-Өндіріс» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Ұлттық қор ағымдағы жылы 100 млрд теңге қаражат бөлген. Ал, Сұңғат Еділбаев болса сол қажыдан өз үлесін алып, өндірісін кеңейтуде. Алдағы уақытта ол дайын өнім мен макулатураны сақтауға арналған үлкен қойма салуды жоспарлап отыр.