Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері аса ірі көлемде алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп, сотқа жолдады.
«2016 жылы «АЭЖБ» МҚК (бұрынғы басшысы А.Л. Қабдолғалиев) және «Абзал и Компания-1» ЖШС (бұрынғы директоры Р.Т Камилов) арасында 53 млн-нан астам теңгеге реле жабдығын ауыстыру жұмысына қатысты мемлекеттік сатып алу туралы келісімшартқа қол қойылды.
2018 жылы Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті жүргізген аудиторлық тексерісінде «Абзал және Компания-1» ЖШС міндеттемесін орындамағанына қарамастан, «АЭЖБ» кәсіпорны оған келісімшарт сомасы мен қосымша 3 млн теңгені толық аударғаны анықталды», делінген хабарламада.
Комитеттің мәліметінше, 2018-2019 жылдар аралығында екі кәсіпорын басшылығы мен қызметкерлеріне қатысты алаяқтық және сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу, талан-таражға салу деректері бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалған (Қылмыстық кодекс 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы, 190-бабының 4-бөлігі). Қылмыстық әрекеттен мемлекетке келтірілген залал мөлшері 73 млн теңгеден асты.
Ақтау қалалық соты айыпталушыларды Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы, 216-баптың 2-бөлігі 2-тармағы, 371-баптың 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Сот үкімімен оларға 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды (А.М. Дәулетбақов - 5 жылға; Р.Т. Камилов - 2 жылға; А.Л. Қабдолғалиев - 2 жылға; Г.К. Тоғысова - 7 жылға).