Маңғыстау облысында қолөнер шеберлерінің халықаралық форумы өтті

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтау қаласында халықаралық сарапшылардың қатысуымен алғаш рет қолөнершілердің аймақтық форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, басты мақсат – қазақтың ұлттық кодын сақтаудың кепілі ретінде қолөнерді жандандыру және этнотуризмді дамыту.

Алаңда қазақтың ертеден баспанасы саналған киіз үйлер тігілді. Облыстың барлық аудан, қалаларынан келген қолөнершілер қолдан жасалған тоқыма, құрақ сынды ұлттық бұйымдарды, зергерлік заттар мен тағамдарды жәрмеңкеге шығарды.

Форумда спикерлер «Қолөнершілік және табыс» тақырыбында пікір алмасты. Өңірдегі қолөнердің қазіргі жағдайы, этнотуризмнің болашағы сөз болды. Саланы дамыту бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

«Әрине, заман талабына сәйкес бұл мұраны жастарға жаңа бағытта ұсынып, оны дамытуды кәсіпкерлікпен ұштастыру қажет. Осы тұста этнотуризмді қолға алып, тек қана қолөнершілікті үйреніп қана қоймай, одан әрі ол арқылы табыс табуға да қолдау білдіруіміз керек», - деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев форумда сөйлеген сөзінде.

Форумға «JICA» Жапон халықаралық ынтымақтастық агенттігінің сарапшысы, Қырғыз Республикасындағы «Бір ауыл – бір өнім» жобасының бас консультанты Акихиса Харагучи, Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлова, Маңғыстау облысы қолөнершілер одағының президенті Әуес Сағынаева, Маңғыстау облысы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова, сондай-ақ облыстың қолөнершілері, ақсақалдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.