Маңғыстау облысында мектептің бас есепшісі 10 млн теңге жымқырған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотымен Б-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды соттың баспасөз қызметінен.

Сотта анықталғандай,  Мұнайлы ауданындағы «№9 жалпы білім беру орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бұрынғы бас есепшісі Б. 18.08.2013 - 31.12.2014 жылдар аралығында, қасақана, өзінің қызмет бабын пайдаланып,  сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иеленіп және талан-таражға салып, мемлекетке 10 418 726 теңге мөлшерінде материалдық шығын келтіріп жымқырған.

 Сот үкімімен Б. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы 4-бөлігі «б» тармағымен (ескі редакцияда) кінәлі деп танылып, өзіне тиесілі мүлкі тәркіленіп, оған  7 жыл мерзімге бас бостандығынан және қосымша жаза ретінде қаржы бухгалтерлік саласында қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айыру жазалары тағайындалды.

ҚР ҚК-нің 72-бабының талаптарына сәйкес жас балалары болуына сай сотталған Б.-ға қатысты үкімнің жаза өтеу бөлігінің орындалуы 5 жыл мерзімге дейін кейінге қалдырылды.

Үкім заңды күшіне енген.