Маңғыстау облысында мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы пара алғаны үшін 3 млн теңге айыппұл төлейді
Басты сот талқылауында анықталғандай, сотталушы А. Маңғыстау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы бола тұра, букмекерлік кеңсенің заңсыз жұмыс жасауына әрекетсіздік көрсетіп, есесіне азамат Д-дан 50 000 теңгені пара ретінде алған.
Басты сот талқылауы барасында сотталушы А. кінәсін мойындамаған. Алайда, сот тергеуінде бұлтартпас дәлелдемелермен оның пара алуға кінәсі толықтай дәлелденген.
Соттың үкімімен сотталушы А. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігімен заңсыз әрекетсiздiгi үшiн айтарлықтай мөлшерде жасалған пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырыла отырып, параның алпыс еселенген сомасы мөлшерінде, мемлекет кірісіне үш миллион теңге айыппұл салу жазасы тағайындалған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.