Маңғыстау облысында өндіріс пен кәсіби техникалық мекемелердің тиімді әрекеттестігінің тәжірибесі жинақталған - Облыс әкімі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Техникалық және кәсіптік жоғары білім беру жүйесінде экономика салалары үшін кадрлар даярлаудың сапасы мен перспективалары туралы» парламенттік тыңдалымда сөз сөйлеген Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев аймақтағы білім ошақтары мен кәсіпорындар арасындағы тиімді серіктестік тәжірибесімен бөлісті.

Аймақтық көлік логистикалық тораптағы Маңғыстау мүмкіндігін атап өткен А.Айдарбаев болашақта облыста халықаралық жүк тасымалдау саласында Қазақстан мәртебесін көтеретін бірқатар жобалар жүзеге асыру керек екенін жеткізді. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін білікті кадр тарту қажет.

А.Айдарбаевтың сөзіне қарағанда, бүгінде өңірде кадрларды дайындаумен 5212 адам білім алатын 2 ЖОО, 26 мың студенті бар 24 колледж бар. Олар 115 мамандық бойынша білім алуда, оның 12 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқып жатыр.

Өңірдегі кәсіби мамандар сұранысын қанағаттандыру үшін, сондай-ақ, мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында облыстың барлық колледждерінде қосымша ағылшын тілін үйрету енгізілді. Айта кету керек, 3 оқу ордасында (туризм, политехникалық, гуманитарлық) пилоттық режімде қытай тілі үйретіледі.

Онымен қоса, өндірістік тәжірибеден толыққанды өту мен жұмысқа орналасу мүмкіндігінің болуы үшін кәсіпорындармен келісімшарттар жасалуда. 2012 оқу жылында 504 келісімшартқа қол қойылды, 2013 жылы олардың саны 590-ға жетті.

- Серіктестік өз жемісін берді: соңғы үш жылда кәсіпорындардың қолдауымен білім алатын студенттердің саны 52-ден 227-ге дейін өсті. Бірақ біз бұл қарым-қатынасты нығайтуға ниеттіміз. Қазіргі таңда 8 колледжде 11 мамандық бойынша дуальды білім беру жүйесінің элементтері енгізілуде. Жаңа оқу жылынан мұндай жүйенің элементтерін тағы 7 колледжде енгізу жоспарланған, - деді А.Айдарбаев.

Өңір басшысы ықпалдастықты нығайту үшін шағын және орта бизнес кәсіпорындары мен оқу ордаларындағы серіктестікті ынталандыру механизмін дайындау қажет деп есептейді. Бұл жұмысты Білім және Ғылым министрлігі мен кәсіпкерлердің ұлттық палатасы бірігіп жасағаны дұрыс.