Маңғыстау облысында ойын автоматтары мен электрондық рулеткалар жойылды (ФОТО)

АҚТАУ. Маңғыстау облысында сот шешімімен 5 ойын автоматы мен 1 электронды рулетка жойылды. Мемлекеттік кірістер аймақтық департаментінің құқық қорғаушылары жүргізген рейд барысында заңсыз ойын орындары анықталып, тәркіленді.

«Рейд барысында тәркіленген ақша қаражаттары мемлекет кірісіне алынды, ойын автоматтары мен рулеткалар бульдозермен жаншылып, жойылды, ал заңсыз бизнесті ұйымдастырушыларға ірі көлемде айыппұл салынды. Экономикалық тергеу қызметі департаменті тексеру жұмыстары бұдан әрі жалғасатынын ескертті. Ал көлеңкелі бизнеспен айналысқан кәсіпкерлер айыппұл салудан ойын техникаларын тәркілеумен бас бостандығынан айыруға дейін тиісті жазаға тартылады», - деп атап өтті Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің ұйымдастыру-қаржылық басқармасының бастығы Мақсат Ақмұратов.

М.Ақмұратов «Ойын бизнесі туралы» заңнамаға сәйкес елде екі аумақта ғана ойын қызметін жүзеге асыруға болатынын еске салды - олар: Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауы және Ақмола облысындағы Бурабай ауданы.