Маңғыстау облысында «Сергек» қосылған үш күнде 711 бұзушылық анықталды

АҚТАУ. ҚазАқтау – 18 шілдеде Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында «Сергек» интеллектуалды бейнебақылау жүйесі іске қосылды. Алғашқы үш күнде жол ережесін бұзған 700-ден астам жүргізуші анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының жолдарында және қоғамдық орындарда 1138 камера орнатылған, оның ішінде 736 камера жолдағы тәртіпті қадағаласа, 402 камера қоғамдық орындарды бақылайды.

«Сергек» жүйесінің көмегімен Маңғыстау облысында жол-көлік оқиғалары 30%, жолдарғы өлім- жітім мен қоғамдық орындардағы бұзушылықтар 40% азаяды деп күтіледі.

«Қазақстан жолдарында күн сайын 10-нан аса адам жан тапсырады. Көптеген жүргізуші жол ережесін елемеген, көбі бағдаршамның тыйым салу сигналынан өткен, жылдамдықты арттырып, қарсы жолаққа шыққан. «Сергек» жүйесін орнатудың арқасында жүргізушілердің жол ережелеріне бағыну тәртібі жақсара түсетініне сенеміз. Тіпті қазірдің өзінде нәтиже байқалады. Қала тұрғындары мен қонақтарының айтуынша, «Сергек» орнатылғалы бері жүргізушілердің көпшілігі автомобиль жылдамдықтарын бәсеңдеткен», - деді Маңғыстау облыстық Полиция департаменті ақпараттандыру және байланыс басқармасының бастығы Әлімбет Смайлов.

Биылғы 18-21 шілде аралығында Маңғыстау облысында автоматты режимде жұмыс істейтін «Сергек» арнайы техникалық құралының көмегімен 711 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған, ал әкімшілік іс-жүргізудің бірыңғай тізіліміне 398 әкімшілік қаулы енгізілген.

Бұзушылықтар туралы хаттар көлік иелеріне екі түрлі жолмен келеді: SMS және пошта.

Көлік жүргізушісі айыппұлды хабарлама алғаннан кейінгі 7 күн ішінде төлесе, 50 пайыз жеңілдік жасалады. Ал хабарлама алған сәттен бастап 30 күнде төленбеген айыппұл, мәжбүрлеп өндіруге жіберіледі.