Маңғыстау облысында шахматтан алғаш рет онлайн чемпионат өтеді

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында шахматтан алғаш рет онлайн чемпионат өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы шахмат федерациясының директоры Елбаева Фатима Ырысбекқызы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Федерация басшысының айтуынша, сайыстың жүлде қоры 400 мың теңге.

«Шара Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Шахмат федерациясы, сондай-ақ «Дебют« шахмат мектебінің техникалық қолдауымен өтеді. Жарыс 2020 жылдың 19-сәуірінде CHESS.COM. сайтының Mangystau Chess Клубында «Каспий Патшасы« атауымен онлайн түрде ұйымдастырылмақ. Қатысуға ниетті облыс тұрғындары үшін ешқандай шектеу жоқ. Тек қана аталған сайтта өз аккаунтын ашып, өтінім толтырса болғаны»,-делінген хабарламада.

«Жалпы жарыс 11 турдан тұрады. Блиц режимде 3 минут 2 секундтан, әр жүріс үшін қосылады. Арнайы осы жоба үшін CHESS.COM. сайты таңдалды. Өйткені, аталған сайттың ауқымы кең. Бұл сайыс шахматшылар үшін үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Жарысты облыс тұрғындары YouTube желісі арқылы тікелей байланыста тамашалай алады»-, деді «Дебют» шахмат мектебінің басшысы Әнуар Шайхымов.

Аталмыш бәсекеде бақ сынаймын деушілер үшін өтінім қабылдау 18-сәуір күні тоқтайды. Чемпионатта Алматы, Павлодар, Қарағанды қалаларынан «Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері» онлайн қазылық ететін болады. Жарыс қорытындысы 2 күннен кейін жарияланып, қатысушалар ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

«Бүгінгі күнге дейін 100-ге жуық қатысушы тіркелген. Алда мұндай чемпионаттың қалалық, облыстық кезеңдерін өткізу жоспарда»,- дейді ұйымдастырушылар.