Маңғыстау облысында теңізге шыққан демалушылар суға кетті

АҚТАУ. 2 мамыр. ҚазАқпарат - 1 мамыр күні түнгі сағат үште Маңғыстау облысының Қарақия ауданында, Ақтау қаласынан 250 шақырым жерде теңізге шыққан демалушылардың моторлы қайығы суға батып кетті.

Бұл туралы ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінен хабарлады.

Төтенше жағдай «Бұрғылау» және «Кеңдірлі» демалыс базаларының арасында орын алды.

«Төрт демалушының бірі теңіз жағасына жүзіп шықты. Қалған үшеуі: 1985 жылғы Р. Қармысов, 1984 жылы туғандар К. Аязов пен Е.Әбдіхалықов із-түзсіз жоғалып кетті. Болжам бойынша, олар суға батып кеткен. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Маңғыстау облыстық ТЖД суда құтқару қызметінің 6 маманы мен бір техникасы, ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Жағалау күзетінің» 5 қызметкері мен бір техникасы және жергілікті халықтың ішінен 11 адам мен 3 техника жұмылдырылды», - делінген хабарламада.