Маңғыстау облысында үлгілі отбасылар анықталды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында «Мерейлі отбасы» дәстүрлі байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасынан мәлім еткендей, 2014 жылдан бері «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жыл сайын республикамыздың барлық өңірлеріндегі тұрғындардың қызығушылығын туғызып, белсенділігін арттыруда. Байқаудың аймақтық кезеңі облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өтеді.

2016 - 2018 жылдары аралығында өңірлік байқауға облыстың аудандары мен қалаларынан мұнай-газ, энергетика, білім, ауылшаруашылық, өнер салаларынан барлығы 109  отбасы қатысты.

2014 жылы Маңғыстау облысының намысын ҚР Ұлттық Паралимпиадалық комитетінің вице-президенті, волейболдан ҚР бас бапкері Нұралы Құлышевтың отбасы қорғады.

2015 жылы облыс намысын қорғаған, 12 бала, 46 немере, 41 шөбере тәрбиелеп отырған бақытты отбасы Құлсариевтер облыстық және республикалық деңгейде конкурс жеңімпазы атанды.

2016 жылы Маңғыстау ауданынан Құрмашевтар отбасы жеңімпаз болды. Құрмашев Алдаберген 48 жыл ұстаздық еткен, ҚР Білім беру ісінің үздігі.

2017 жылы Түпқараған ауданынан Қанжановтар отбасы жеңіске жетті.  Қанжанов Тәуірхан «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Түпқараған ауданының Құрметті азаматы

Ал 2018 жылы  байқауға қатысуға облыстың аудандары мен қалаларынан мұнай-газ, энергетика, білім, кәсіпкерлік, ауылшаруашылық, өнер салаларынан барлығы 25 отбасы өтінімдерін берді.

Нәтижесінде ІІІ орынға Бейнеу ауданынан Өміровтер отбасы лайық деп танылды. Отағасы Өміров Өтепқали Жүндібайұлы 1956 жылы туған. Зергер, қазақ халқының дәстүрлі зергерлік өнерін, мүсін, көркемсурет, домбыра, би және сөз өнерін насихаттаумен айналысады. «Маңғыстау облысының үздік кәсіпкері» атағын  екі рет иеленген. «Үздік тауарлар» аймақтық көрме-конкурсының лауреаты. «Маңғыстау жұлдыздары» фестивалінің екі дүркін лауреаты, бірнеше дипломдар мен алғыс хаттармен марапаталған.

Жолдасы - Есетова Айнахан Ығылманқызы Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газетінің Бейнеу ауданындағы  меншікті тілшісі. Бүгінгі таңда «Өмір сыры», «Олжашы шежіресі», «Ақжелең», «Арыстардың аты жетсін ұрпаққа», Маңғыстау ақын жазушылары кітапханасы сериясымен өлеңдер топтамасы, «Жыр маржаны» Қазақ поэзиясының антологиясы, «Бойтұмар», «Үстірт балладалары» кітаптарының авторы. Отбасында екі ұл мен бір қызы және бір немересі бар. Балаларының барлығы өнер, білім сайыстарының жеңімпазы.

ІІ орын Маңғыстау ауданынан Озғанбаевтар отбасы бұйырды. Озғанбаев Төреәлі - 85 жастағы тыл ардагері, 40 жыл ұстаздық еткен зейнеткер, КСРО және Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі, Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі.

Ұстаздық еткен жылдарында «В.И.Лениннің  туғанына  - 100 жыл»,  «Еңбек ардагері» және «Оқу ағарту ісінің үздігі» медальдарымен марапатталған. Бүгінгі таңда білім берген Л.К.Қиынов сынды көптеген шәкірттерінің өзі халқына қызмет етіп, зейнет жасына жеткен.

Жолдасы Қазтұрғанова Дәмежан ауыл шаруашылығы саласында мал дәрігері болып қызмет атқарған. 2006 жылы 70 жасында өмірден озды. Бугінгі таңда 7 бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Балалары білікті мамандар. Отбасындағы балалары мен келіндерін есептегенде 8 білікті ұстаз бар. Төрт ұл және үш  қыздан 33 немеремен 19 шөбере сүйіп, қазақы отбасының нағыз бейнесін қалыптастырды.

І орын жеңімпазы - Қарақия ауданың Көшеновтер отбасы. Көшенұлы Тұрсынғали 1934 жылы Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. 1959 жылы Баку институтын бітірген. Бұрғылаушы көмекшісінен бастап «МаңғышлақМұнайГазБарлау» трестінің басшысына дейін қызмет етті. Қарақия ауданынның Құрметті азаматы, ҚР жер қойнауының Құрметті барлаушысы, ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ «Енбек ардагері», «В.И.Ленин 100 жылдығы», «1920-1970 ж.ж. ҚР 50 жылдығы», «Қазақстан мұнайына 100 жыл» және тағы басқа медальдары бар.

Жұбайы - Жүсіпқызы Қаншайым Таущық ауруханасында қызмет атқарған. Отбасында 4 қыз және 2 ұлы бар олардан тараған  20 немере, бір шөбересі бар.

Ал байқаудың Бас жүлдесі Жаңаөзен қаласынан Қалдамановтар отбасына берілді. Отағасы Қалдаманов Исенбай Әбейұлы 1968 жылы дүниеге келген. 2008 жылдан бастап «Каспий» педагогика және салалық технологиялар колледжін ашып, қазіргі таңда колледж директоры қызметін атқаруда. Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында 2010 жылы 75 балаға арналған «Каспий» балабақша ашқан, 2017 жылы «Каспий» зияткерлік мектебін ашып, бүгінгі таңда Жаңаөзен қаласының 150-ге жуық бастауыш сынып оқушыларына білім беруде.

Қаладағы барлық қайырымдылық шараларына белсенді атсалысып келеді, соның ішінде жетім және жартылай жетім, әлеуметтік жағынан әлсіз отбасыларға және ауырған балаларға, дарынды жастарға көмегін беріп келеді. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары колледж есебінен тегін білім алуда, осы үрдіс әрбір оқу жылы сайын өзінің жалғасын табуда.

2017 жылдың үздік кәсіпкері, ұлағатты ұстаз (тарих пәні бойынша), «Дауымшар батыр және оның ұрпақтары» кітабының жарыққа шығуына  атсалысқан, ҚР білім беру ісінің Үздігі, 2016 жылдың үздік кәсіпкері, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2017 жылы өткен облыстық «Туған жерге тағзым» меценаттар форумында «Үздік ұжым» атағын иеленді, меценат, Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты. 2018 жылы І Республикалық «Өрлеу» институтының ұйымдастыруымен «Үздік менеджер» байқауында «Үздік стратег» номинациясын жеңіп алды. Жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға және ұлттық ат спорт түрлерін  дамуына  қосқан үлесі зор.

Жұбайы - Раметулла Злиха Мақсутқызы ағылшын тілі пәнінің оқытушысы, ұлағатты ұстаз, жоғары санатты тәжірибелі білікті маман, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері. Отбасында екі ұл мен екі қызы және 5 немересі бар. Өнегелі үлгілі отбасы.

Енді Қалдамановтар отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде облыс намысын қорғайтын болады.