Маңғыстау облысының әкімі мен ҚР-дағы Италия елшісі сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуды талқылады
Кездесу барысында маңғыстаулық және итальяндық бизнесмендер арасындағы өзара сауда-экономикалық қатынастарды бекіту, сондай-ақ, итальяндық компаниялардың өңірдегі инвестициялық жобаларға қатысу мүмкіндігі мәселелері талқыланды.
- Мен Маңғыстау облысына алғаш рет келіп отырмын. Келген мақсатым - транзиттік дәлізді құратын аймақтағы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысу. Сонымен қатар, осында энергетикалық салаларда жұмыс жасап жатырған «Ерсай», «Розетти», «Тенарис» итальяндық компанияларына баруды жоспарлап отырмын. Маңғыстау облысы бізді көлік инфрақұрылымы, кеме жасау мен теңіз логистикасы жобаларын іске асыратын өңір ретінде қызықтырады, - деді Стефано Раваньян мырза.
Бұдан бұрын 2016 жылдың наурыз айының соңында Маңғыстауда халықаралық нарықтың әртүрлі салаларында (ауыл шаруашылығы, ауыл шаруашылығы техникасы мен өнімдері, сәулет саласындағы техникалық қызмет және экологиялық таза жобалау) жұмыс істейтін итальяндық кәсіпкерлер тобы келген болатын. Олар АӨК, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, энергетика және өндіру секторындағы «Scool IMPRENDO», «LTMBUL lTD», «AFN Engineering», «ArchenergyGroupEscoSrl» сияқты компаниялар өкілдері. Италияның іскер топтар өкілдері өңірмен, оның мүмкіндігімен және келешегімен танысып, екінші сапар барысында жергілікті кәсіпкерлермен келіссөздер үстеліне отыратындықтарына сенім білдірді.