Маңғыстау облысының әкімі озат түлектерге «Алтын белгі» мен естелік сыйлықтар табыстады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев Алтын белгі иегерлері мен жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздарымен кездесті.

Бұл туралы облыстық әкімдіктің ресми сайтында хабарланды.

Кездесуге дейін үлкен өмірге алғаш қадам басып жатқан түлектер, Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барып, өлкеміздің атақты адамдары туралы естіп, туған жердің өткен бай тарихымен танысты. Содан кейін кешегі оқушылар Ұлы Отан соғысының батырларына құрмет көрсетіп, «Мәңгілік Алау» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Кездесуге 46 «Алтын белгі» иегерлері, 32 халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздары қатысты.

Өңір басшысы Алик Айдарбаев өз білімдерін дәлелдеп шыққан түлектерге «Алтын белгі» мен естелік сыйлықтар табыстады.

- Құрметті балалар, біздер, үлкендер, сіздердің жетістіктеріңізді, сіздерді мақтан тұтамыз. Әр адамның арманы болады, бірақ сол арманның орындалуы үшін сабыр мен күшті қайрат қажет. Қай жерде болсаңыз да Маңғыстау сіздерді сүйетінін және әрдайым күтетінін естен шығармағайсыздар. Біздің облыс, еліміз сияқты тез қарқында дамып келеді. Бізге жоғары білімді, заманға сай ойлана алатын білікті мамандар, өз елінің нағыз патриоттары қажет. Менің ойымша, ата-ана үшін және мұғалімдер үшін ең үлкен алғыс сіздердің болашақтағы жетістіктеріңіз. Сіздердің жеке жетістіктеріңіз еліміздің табысының негізін құрайды», - деді Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.

Өңір басшысының бастамасымен аймағымызда үш тілді «Маңғыстаудың алтын жастары» атты көптомды энциклопедия кітабын шығару жоспарланып отыр.

Алик Айдарбаев атап өткендей, кітаптың алғашқы томын бүгінгі салтанатты рәсімге қатысушылар, 46 Алтын белгі иегерлері мен 32 халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздары ашады. Кітаптың бірінші нұсқасы, әрине, сөзсіз облыстық өлкетану мұражайына түседі.

Айта кетейік, биыл Маңғыстау облысы бойынша түлектер саны 4188 адам, оның ішінде 4176 оқушы жалпы білім беру орталықтарының күндізгі бөлімінен, 12-сі мемлекеттік емес мектептен.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің 22.05.2015 жылғы № 320 бұйрығына сәйкес, 68 оқушы - халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың қатысушылары ҰБТ тапсырудан босатылды.

Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге 2736 оқушы (65,3%) қатысты, 2014 жылы 2507 оқушы (58%) тапсырған болатын.

«Алтын белгі» озат белгісіне үміткер болған 78 оқушының 46-сы өз білімдерін растап, жоғары сатыдан көрінді.

Маңғыстау облысының білім көшін алға жылжытушылардың бірі, ұзақ жылдар бойы Маңғыстау ауданына қарасты мектептерде директорлық қызмет атқарған, ардагер ұстаз - Жұбаназар Байназарұлының әулетінен 2006 жылдан бері 4-ші Алтын белгі шығып отыр.

Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғары 123 балды мұғалімдер династиясының өкілі, Шетпе лицейінің түлегі Асылбекова Айдана жинады.