АҚТАУ. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Ералы Тоғжанов облыстағы барлық Байланыс және ақпарат қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтады. Бұл туралы ҚазАқпарат әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Салтанатты жиында өңір басшысы Ералы Тоғжанов журналистерді құттықтап сөз сөйледі.
«Сіздер Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың cалмақты идеялары мен салиқалы бастамаларының төңірегіне қоғамды топтастыру, ұлтты ұйыстыруға, тәуелсіз Қазақстанның ақпараттық кеңістігінің қалыптасуы мен нығаюына, еліміздің саяси тұрақтылығына, рухани-мәдени, әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамның әл-ауқатын арттыруды жан-жақты насихаттауға зор үлес қосып келесіздер», - деді Ералы Тоғжанов.
Шара барысында өңір басшысы Маңғыстау облысының байланыс және ақпарат саласының дамуына қосқан үлестері үшін бір топ журналистер мен байланыс қызметкерлеріне алғыс хаттар тапсырды.
Сонымен қатар, кәсіби мереке қарсаңында БАҚ қызметкерлері арасында өткізілген спартакиаданың (үстел теннисі, бильярд, шағын футболдан,боулинг) қорытындысын жариялап, жеңімпаз командаларға арнайы сыйлықтарын табыстады. Спорттық шара өңірдегі салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында және де БАҚ өкілдерінің арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.
БАҚ өкілдері арасында өткен спартакиада қорытындысы бойынша «Маңғыстау» телеарнасы I орын иегері атанып, кубокпен және 200 мың теңгенің сертификатын алды. ІІ орын жеңімпаздары «Маңғыстау Медиа» ұжымы 150 мың теңгелік сертификатпен марапатталса, «Хабар агенттігінің» аймақтағы меншікті тілшілері III орынды қанжығасына байлап, 150 мың теңгелік сертификатқа ие болды.
Жиын соңы концерттік бағдараламамен жалғасты.