Маңғыстау облысының аудан орталығында темір жолдан өтуге арналған көпір салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау ауданында темір жолдан өтуге арналған көпір салынды.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұзындығы 106 метр және биіктігі 8 метр болатын жаңа жер үсті өткелі «ЖаңаОрпа» шағынауданын Шетпе ауылының орталығына қосады.

Көпір құрылысының қажеттілігі туралы мәселені аудан ардагерлері өткен жылы облыс әкімімен өткен кездесу кезінде көтерген болатын. Жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, «КаспийЦемент» ЖШС өз қаражаты есебінен құрылысын бастап кетті. Құрылыс құны 48 млн теңге шамасында.

- Бүгін біз үшін қуанышты күн - «Жаңа Орпа» шағынауданының тұрғындары үшін өтпе жол салынды. Бұл мәселе 50 жылдан бері шешімін таппай келді. Темір жолдан өту үшін пойыздың астынан өтетін едік. Оған қоса, балалар сабаққа барады, ойнайды. Бұл қауіпті болды, десе де жазатайым оқиғалар орын алған жоқ, - деді Шетпе ауыл тұрғыны Қонақбай Ізғалиев.

Республикалық маңыздағы «Бейнеу-Шетпе-Жетібай-Ақтау» автокөлік жолдарының құрылысы жақын арада аяқталады. Облыстық «Шетпе-Таушық» автокөлік жолына орташа жөндеу жүргізіліп, сондай-ақ, «Шетпе-Тиген» жолы салынып жатыр.