Маңғыстау облысының «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтетін шаралары

АСТАНА-АҚТАУ. ҚазАқпарат - 15-18 тамыз күндері «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Маңғыстау облысының күндері өтеді. Бұл туралы брифингте облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина мәлімдеді.

Сол күндері көрмеге келушілер киелі өңірдің əдебиетімен, тарихи-мəдени құндылықтарымен, рухани мұрасымен танысады.

Этнографиялық театрландырылған мәдени шара көрсетілімі 17 тамызда өтеді, мұнда ұлттық ойындар насихатталады.

Конгресс-холлда А.Тарақұлы атындағы ұлттық аспаптар оркестрінің қатысуымен М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония ұжымының концерті өтеді.

«Шыңырау» спектаклі 18 тамызда М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық театрында көрсетіледі. Маңғыстау облысының мәдениет күндері аясында осы өңірдің ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдары таныстырылады. Сондай-ақ, ұлттық тағамдар мен зергерлік әшекей бұйымдардың этнографиялық көрмесі өткізіледі.

Бұдан бөлек, этноауылда ұлттық ойындар ұйымдастырылады.

«Маңғыстаудың мәдениеті мен менталитетіне сай барлық қасиеті мен болмысын осы күндері танып білуге болады. Шарада эстрада әншілерімен қатар, дәстүрлі классикалық ән орындаушылары да өнерлерін ортаға салады. Өз шығармашылығын Маңғыстау өңірінен бастаған Айгүл Қосанова, Лұқпан Жолдасов, Тамара Асар, Кәмшат Жолдыбаева сынды белгілі әншілер ән шырқайтын болады. Барлығы 40-қа жуық шара өткізіледі», - дейді Гүлжан Исмурзина.

Айта кетейік, «Экспо-2017» халықаралық көрмесінде Маңғыстаудың мəдениет күндерін өткізуге облыс бюджетінен 220 миллион теңге шамасында қаржы бөлінді.