Маңғыстау облысының медицинасы 245 дәрігерге зәру

None
АҚТАУ. 9 cәуір. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының медицина саласына 245 дәрігер жетіспейді.

Бұл туралы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Руслан Бектібаев журналистермен өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында өңірде туу көрсеткіші 4 пайызға өсті, өлім-жітім көрсеткіші айтарлықтай азайды. Ал ана мен бала өлімі мүлдем тіркелмеген. Ауыр жағдайдағы 36 ананың өмірін дәрігерлер өлім аузынан арашалап қалды.

«Халықтың денсаулығын нығайту облыс әкімінің жіті қадағалауында. Ағымдағы жылы Бейнеу ауданы, Атамекен мен Қызылтөбе ауылдарында дәрігерлік емхананың құрылысы басталды. Бұл құрылыс нысандарына республикалық бюджеттен 250 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласында, Мұнайлы ауданында емхана құрылысы басталады. Оларға да республикалық және жергілікті бюджеттерден арнайы қаржы бөлінді. Мұндай емханалар өңірдің барлық елді мекендерінде бой көтереді»,-деді МО денсаулық сақтау басқармасының бастығы.

Басқарма бастығының айтуынша, облыста медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, білімін жетілдіру мақсатында да біршама жұмыстар жасалуда. Алайда облыстағы медицина саласында 245 маман жетіспейді.

«Республикалық грант бойынша аймағымыздың 203 студенті медициналық жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Одан өзге осы салаға биылғы жылы 65 грант бөлінеді деп жоспарлануда. Олардың барлығы еліміздің Батыс өңіріндегі медициналық университетте білім алады. Сонымен қатар, облыста тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету де жолға қойылып келеді. Алдағы уақытта тренингілік орталықтар ашуды жоспарлап отырмыз», - дейді Руслан Бектібаев.