Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы мен Шетпе стансысындағы қайғылы оқиғалардың хронологиясы - ҚР Бас прокуратурасы

None
АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіковтің сөзінің мәтінін жариялайды.

***

Орын алған жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты 2011 жылғы 17 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Жаңаөзен қаласында төтенше жағдай енгізгені өздеріңізге белгілі.

Бұл Жарлықтың 6-тармағына сәйкес, Бас прокуратураға осыған байланысты белгіленген шаралар мен уақытша шектеулерді іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету тапсырылған.

Төтенше жағдай енгізілгенге дейін құқық қорғау органдары заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қалпына келтіру жөніндегі бірқатар кезек күттірмейтін шараларды қабылдағанын атап өту керек.

Атап айтқанда, жаппай тәртіпсіздіктер фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрі Қ.Қасымовтың басшылығымен жедел-тергеу тобы оқиға орнында дереу іске кірісіп кетті.

Қоғамдық тәртіпті орнату және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қалаға ішкі әскерлер мен полицияның қосымша құрылымдары тартылды.

19 бақылау-өткізу бекеті құрылды, соның ішінде 7-і - қалаға кіре берісте.

Талаушылыққа салу фактілерін анықтау және тосқауыл қою үшін арнайы ұтқыр топтар құрылды.

Қажетті тергеу амалдары өткізілуде және жаппай тәртіпсіздіктер мен талаушылықтарды ұйымдастырушыларды іздестіру және ұстау жөніндегі жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде желтоқсанның 16-нан 17-не қараған түні жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылар мен талаушылардың 70-сі ұсталды, олардың 8-і қамауға алынды.

Төтенше жағдай режімін енгізу және кезек күттірмейтін шараларды қабылдау құқық қорғау органдарына қылмыстың жүгенсіздігін тоқтатуға мүмкіндік берді.

Бүгінгі күнгі таңға коменданттық сағатты бұзғаны үшін тағы да 60-қа жуық адам ұсталды, олардың ішінде жаппай тәртіпсіздіктер мен талаушылықтарға қатысу үшін күдікті тұлғалар да бар.

Құрбан болғандар мен зардап шеккендерге қатысты айтатын болсақ, соңғы мәліметтерге қарағанда тәртіпсіздіктер салдарынан 86 адам зардап шеккен, 13 адам қаза болған.

Бұл адамдардың кейбіреулері құқық бұзушылардың әрекеттері салдарынан қаза болған.

Атап айтқанда, құқық қорғау органдарына қайтыс болған 1987 жылы туылған Жаңаөзен қаласының кәсіптік техникалық лицейінің мұғалімі Дүйсекенов Атаберген Хасанұлының әкесі 16-желтоқсанда қаланың алаңында өзінің ұлын бұзақы элементтер мерекелік шараларға өз тәрбиеленушілерін алып келгені үшін өлтіріп кетті деген арызбен жүгінді.

Бытыралы оқпен атылатын қарудан жарақат және атыс қаруын немесе арнайы құралдарды қолданумен байланысыт емес дене жарақаттары бар зардап шеккендер де бар. Тәртіпсіздіктердің жолын кесу кезінде құқық қорғау органдары бытыралы қаруды қолдабағандығына, сондай-ақ олардың шабуылшылармен тікелей байланысқа түспегендігіне орай көрсетілген сипаттағы жарақаттардың құқық тәртібі күштерінің тарапынан келтірілуі мүмкін емес.

Жаңаөзен қаласындағы жағдай біртіндеп тұрақталып келеді.

Дегенмен, Төтенше жағдай енгізу туралы Жарлықта қарастырылған уақытша шектеу шараларының қажеттілігі айқын.

Соңғы тәулікте Жағаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының ғимаратын басып алу, сондай-ақ жекелеген талаушылық және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуыл жасау әрекеттерінің жолы кесілді.

Дей тұрғанымен, жаппай қантөгістер туралы қауесеттер ешқандай негізсіз, анық жалған ақпарат болып табылады және арандатушылық мақсатта таратылуда.

Соңғы тәулікте тәртіп сақтау органдарымен Жаңаөзен қаласында атыс қаруын қолданудың бір де бір фактісіне жол берілген жоқ.

***

Енді Шетпе бекетіндегі оқиғаларға қатысты.

Бұрын хабарланғандай, кеше, 2011 жылдың 17-ші желтоқсанында 13 сағат 24 минутта (жергілікті уақытпен) Манғыстау облысында орналасқан Шетпе темір жол стансасында адамдар тобымен Маңғышлақ-Ақтөбе қатынасындағы №309 жолаушылар пойызының қозғалысы бөгелді.

Пойыз ішінде 369 жолаушы болған.

Қозғалысты бөгеген адамдар тобы Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктер қатысушыларын қолдауға шақырумен шықты.

Темір жол желілерін бөгеу нәтижесінде көліктің қалыпты жұмысы бұзылды, 7 жолаушылар және 9 жүк тасымалдау пойыздары тоқтатылды.

Прокуратура қызметкерлері берген заңды түсіндіруді елемей, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің және жергілікті атқарушы органдардың талаптарына бағынбай, акцияға қатысушылар пойыздардың қозғалысы үшін темір жол желілерін босатудан бас тартты.

Жергілікті билік және құқық қорғау органдары жергілікті ақсақалдар мен көп балалы аналарды тарта отырып, заңсыз акцияларға қатысушылармен құқыққа қарсы әрекеттерді тоқтату туралы ұзақ келіссөздер жүргізді, соның нәтижесінде жолда болған адамдардың көпшілігі бекеттен өз еріктерімен поселкеге кетті.

Дегенмен, 50-ге жуық бұзақы мәселені бейбіт жолмен шешу және сұхбатты басқа кез-келген ыңғайлы орында жалғастыру туралы иландыруға түбегейлі қарсылықпен жауап берді.

Жергілікті уақытпен сағат 20 шамасында полиция қызметкерлері темір жолды босату және қылмыстық әрекеттердің жолын кесу жөніндегі шараларды қабылдады.

Бірақ бұзақы топ полиция қызметкерлеріне белсенді қарсылық көрсетіп, жүк поезының тепловозын өртеп жіберген, вагондарға жанғыш қоспалары бар бөтелкелер лақтырған.

Осы сәтте кент тарапындағы вокзал маңындағы алаңнан тағы 150-200 адам келіп, полиция қызметкерлерін қоршауға алып, оларды таспен және жанғыш қоспалары бар бөтелкелермен атқылай бастаған.

Қоғамдық тәртіпті күзету үшін келген полиция қызметкерлерін әкелген автобустар да таспен және жанғыш қоспалары бар бөтелкелермен шабуылға ұшыраған.

Сонымен қатар, алаңға мемлекеттік нөмірі жоқ УАЗ автокөлігі бірнеше рет келіп, одан белгісіз тұлғалар құқық қорғау органдары қызметкерлеріне атыс қаруынан атқылаған.

Осы шабуылдар салдарынан ішкі істер органдарының 5 қызметкері әртүрлі дене жарақаттарын және күйіктерін алды.

Бұзақылардың әрекеттері бейбіт тұрғындардың және полиция қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына айқын қауіп төндіріп тұрғанын ескере отырып, полицейлер бірнеше рет ескерту атыстарынан кейін амалсыздан қару қолдануға мәжбүр болған.

Бұл ретте атыстар негізінен ауаға және бұзақылық жасаушы топтың аяқтарына қарай атылғанын ерекше атап көрсеткен жөн, олардың тарапынан зардап шеккендердің 12-нің 8-і аяқтарынан жарақаттанған, 5 адам медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне қайтарылды, 6-ы ауруханаға жатқызылды, 1-і қайтыс болды.

Полиция күш-жігерімен бұзақы элементтер вокзал маңындағы темір жолдардан және темір жол вокзалы алдындағы алаңнан ығыстырылған соң, олар кенттің аумағында, сондай-ақ Шетпе бекетінен тыс жерлердегі темір жол объектілерінде және өздерінің қылмыстық әрекеттерін жалғастырған.

Кентте олар жаңа жылдық шыршаны өртеп жіберген, дүкендердің көрмелерін және автокөліктердің әйнектерін таспен атып сындыра бастаған.

22 сағат 20 минутта Сай-Өтес бекетінде олар темір жол жұмысшыларына шабуыл жасап, шабуылшылар бес теміржолшыны байлап, қамап тастаған және темір жол бұйымдарын ұрлап кеткен. Кейіннен оларды пайдалана отырып Сай-Өтес- №9 Разъезд аралығындағы 180-ші километрдегі темір жолды бұзған.

***

Желтоқсанның 17-нен 18-не қараған түні бұзақы топпен мынадай шабуылдар жасалған:

  • - Өзен - Жетібай аралағындағы өткел кезекшісінің үйшігіне жанғыш қоспалары бар бөтелке лақтырып, оның салдарынан өрт шыққан;
  • - Шетпе - 13 Разъезд аралығындағы 309 км-де жолды және ағаш шпалдарды жағып жіберген;
  • - Шетпе - 13 Разъезд аралығындағы 307 км-де қаптамалар мен үлкен шегелерді алып тастап, рельстерді бұзған, бұл өз кезегінде поездардың, оның ішінде жолаушылары бар поездардың апатына әкеліп соғуы мүмкін еді.

Осы фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Қазіргі уақытта аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен 4 адам ұсталды, жауап алу және басқа да кезек күттірмейтін тергеу амалдары жүргізілуде.

Осы қылмыстарды ұйымдастырушылар мен оларға белсенді қатысушыларды іздеу және ұстау іске асырылуда.

Шетпе поселкесіндегі жағдай тұрақтанды, бұл елді-мекен көшелерінде қоғамдық тәртіп, осы аттас бекет арқылы өтетін поездардың қозғалысы қалпына келтірілді.

Дей тұрғанымен, құқық қорғау органдары қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою, заңдылық пен құқық тәртібін қолдау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін қажетті барлық шараларды қабылдауды жалғастыруда.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Маңғыстау облысы тұрғындарын заңдылықты және құқықтық тәртіпті сақтауға, араңдатушылық мақсатта кейбір тұлғалармен таратылатын жалған ақпараттарға берілмеуге тағы да шақырады.