Маңғыстау өңіріне өткен жылы 231 мың турист келді - әкім

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2022 жылы Маңғыстау өңіріне шетелдер мен ел аймақтарынан 231 мың турист келді. Бұл мәліметті Мемлекет басшысының қабылдауында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Президентке облыс әкімі өңірлердің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде баяндады.

«Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың мәліметіне сәйкес өткен жылы Маңғыстау облысында құны 25 миллиард теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 15,8 пайызға артып, 762 миллиард теңгеге жеткен. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 75,3 мың бірлікке жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 33,3 пайызға өскен. Туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемі 1,6 есеге ұлғайды. 2022 жылы Маңғыстау өңіріне шетелдер мен ел аймақтарынан 231 мың турист келді», - деді Нұрлан Ноғаев.

Сондай-ақ, облыс басшысы Мемлекет басшысына ауызсу мәселесін шешу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берді.

«Атап айтқанда, былтыр 12 ауылға су құбыры тартылды. Облыстағы ауызсу тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін 2025 жылға дейін жалпы су тұшыту қуаты 286 мың текше метр болатын 9 жоба жүзеге асырылады», - деді ол.

Сонымен қатар Президентке тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласын жетілдіру, Ақтау қаласының инженерлік инфрақұрылымын қалыпқа келтіру, МАЭК кәсіпорнын қайта жаңғырту мәселелері жөнінде баяндалды.