Маңғыстау теміржолшыларының балалары жазғы лагерьде демалуда

None
АҚТАУ. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Жылдағы дәстүрмен Маңғыстау облысы теміржолшыларының балалары теңіз жағалауындағы «Фламинго» балалар сауықтыру орталығында жазғы демалыстарын өткізуде.

Маусымның 10-шы жұлдызында басталған жазғы демалыстың бірінші кезеңі бойынша Маңғыстау өңірінен 100 бала лагерьге жіберілді.

«Биыл жазғы лагерьге үш кезең бойынша Маңғыстау теміржолшыларының 340 баласына жолдама берілді. Негізінен Бейнеуден бастап шалғайда жатқан Шетпе, Үстірт, Сайөтес және 1-ші мен 7-ші бекеттердегі теміржолшылардың балаларын жолдамамен қамту қарастырылып отыр. Әр кезеңі 15 күннен тұратын лагерьдегі демалыс жолдамасының құны 46200 теңгені құраса, қызметкерлеріміз соның тек 10 пайызын ғана өз қалтасынан төлейді. Лагерьге жіберілетін балалардың жас шамасы 7-13 аралығында»,- дейді Маңғыстау жол бөлімшесі кәсіподақ комитетінің төрағасы Әзірбай Тұрмағамбетұлы.

«Фламинго» балалар сауықтыру орталығында демалушыларға күніне 5 мезгіл тамақ беріледі. Сондай-ақ лагерьдегі күнтәртібі қызықты спорттық, ойын-сауықтық бағдарламалармен толтырылып, түрлі өнер сайыстары өткізіледі.