Маңғыстау ЖОО-ларында білім алу қанша тұрады

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында 26 колледж бен 2 университет бар.

Өңірдегі ЖОО-ларға шолу жасау кезінде анықталғандай, орта мектеп түлектерінің бестен бірі жергілікті ЖОО-ларға оқуға түседі, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Облыста Каспий мемлекетік технология және инжиниринг университеті (КМТИУ) және Гуманитарлық-техникалық университет (ГТУ) бар.

КМТИУ соңғы жылда білім беру ақысын өсірген жоқ. Бағаларды университеттің сайтынан көруге болады, ең төменгісі - 342 мың (экономика саласындағы мамандық), ең жоғарысы - 443 мың теңге  (педагогикалық).

«Біз бағаны өсірген жоқпыз. Сұраныс  педагогикалық, заңгерлік және теңіз көлігіне қатысты мамандықтарға жоғары, мұнай-газ саласына  сұраныс орташа. Түлектердің жұмысқа орналасуы орташа 60 пайызды құрайды. Педагогикалық мамандар үшін бұл көрсектіш шамамен - 90 пайыз, мұнай-газ саласы 50 пайызды құрайды», - деді университет ректоры Әділбек Ботабеков.

Жекеменшік Гуманитарлық-техникалық университетте білім алу бағасы біршама төмен. «Бізде баға көтерілген жоқ. Кей мамандықтар бойынша бағаны 40 пайызға жеңілдету де ойымызда бар.  Колледжден кейін күндізгі білім алу жылына -  345 мың теңге, сырттай - 260 мың теңге, ал екінші  жоғары білімді сырттай оқу жылына 280 мың теңге тұрады», - деді ГТУ өкілі Дәулет Қалиев.

Аталмыш ЖОО мамандықтарының дені мектеп түлектерінің сұранысына ие.

Кей маңғыстаулықтар басқа өңірлерге білім алуға кетеді. Оның себептері әртүрлі. Олар университетте жоқ мамандықты таңдайды не халықаралық дипломы болғанын қалайды.

Осындай пікірлерге байланысты өңірде қалатын түлектердің санын білу де маңызды. ГТУ-ге жоғарыда айтылғандай, 500 түлек түссе, КМТИУ-ге де осынша жас оқуға келеді екен.