Маңғыстауда 44 дауыл болған

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бірыңғай диспетчерлік қызметі 2016 жылы өңірде 44 дауылдық ескерту жарияланғанын және 2015 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіштің үштен бір есе көп екенін мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«2015 жылы диспетчерлік қызмет 32 рет, ал 2016 жылы - 44 рет дауылдық ескерту жолдаған. Ауа райы күрт төмендеп, қар мен бұрқасын жауғанда, ұйытқи соққан жел бірер сағаттан бірнеше тәулікке ұласқанда республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында көктайғақ болуы мүмкін», - деді Маңғыстау облысы ТЖД баспасөз қызметінің өкілі Гүлнара Қожабекова.

Оның айтуынша, Бейнеу ауданындағы республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында және «Қарақия» ойпатының еңісінде, «Манат» асуында,  «Құрық-Ақтау», «Құрық-Жетібай», «Ақтау-Жетыбай», «Жетібай-Өзен-Сенек», «Ақтау-Жаңаөзен» (30-31және 53-58 шақырымдар) бағыттарында көктайғақ болуы мүмкін. «Ақтау-Қарақия» жолының 250 шақырымында, «Шетпе-Ақтау» автожолының 150-160 шақырымында, «Шетпе-Жаңаөзен» жолының 150-160 шақырым бөлігінде және «Шетпе-Бейнеу» жолының 250 шақырымында көліктердің жолдан сырғып кетуі тіркелді.