Маңғыстауда «Алтын белгі» иегерлері көбейді

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстауда «Алтын белгі» иегерлері 30 пайызға артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық білім басқармасына сілтеме жасап. Облыстағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты биылғы оқу жылының басым бөлігі қашықтан оқытылды.

Дегенмен ақпараттық технологияларды қолдана отырып қашықтықтан оқыту, оқушылар мен ұстаздардың білімі мен білігін жаңаша дамытуға, әдеті мен дағдысына тиімді қарауға мүмкіндік берді.

Қашықтан оқытуға қарамастан биыл оқушылардың жетістіктері де аз емес.

Түлектердің 227-сы «Алтын белгіге», 359-ы «Үздік аттестатқа» үміткер. Соңғы үш жылмен салыстырғанда «Алтын белгі» иегерлері шамамен 30%-ға, үздік аттестатпен бітіргендер 40%-ға артты.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада Маңғыстау облысының дарынды оқушылары 29 медальға ие болды.

Олимпиада нәтижесі бойынша Маңғыстау облысы командалық ІІІ орынды, Ақтау қаласының «Білім-инновация» лицейі ІІ орынды, Мұнайлы ауданы №3 жалпы білім беретін мектебі «Үздік олимпиадалық ауыл мектебі» болып танылды.

Елімізде әрбір педагог ерекше мәртебеге ие. Мемлекет тарапынан әрбір педагогтың үздіксіз дамуына барлық жағдай жасалып келеді. Осыған байланысты биыл алғаш рет «Маңғыстау облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі тағайындалды.

Педагогтардың шеберлігі бойынша Ақтау қаласы №14 мектебінің химия пәні мұғалімі Түлембетова Айсұлу Бағытқызы елімізде алғаш рет тағайындалған «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын, облыстың бес мұғалімі республикалық «Үздік педагог» атағын иеленді.