Маңғыстауда арқар үш есеге көбейген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстауда Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген арқарлар үш есеге көбейген. Бұл туралы «Қызылсай мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» директорының орынбасары Тұрмыс Айтжанов 7292info.kz порталына берген сұхбатында мәлім етті.

Жуырда Алматы қаласынан келген  «Зоология институтының» ғылыми қызметкерлері жүргізген санақ нәтижесінде Маңғыстауда мыңнан астам арқар, үш жүзден астам қарақұйрықтың бар екені анықталды.

«Бұл -  арқар санының өткен жылдармен салыстырғанда екі-үш есеге дейін өскендігі», - деді мекеме директорының орынбасары.

Қызылсай мемлекеттік өңірлік паркі табиғат кешендерін сақтау,  тұқымы азайып бара жатқан аң-құстардың санын көбейту мақсатында 2012 жылы құрылған.  Парк құрамында Қызылсай, Жабайұшқан қорығы, Адамтас, Есет, Көлеңкелі, Манашы секілді жеті қорық бар.