«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша ауылдарға шағын несие беру бағытының алғашқы жарты жылдықтағы орындалуы барысының төмендігіне байланысты облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақовқа және ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұлға сөгіс жарияланды.
Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов қала ішіндегі жасыл желектердің уақытылы суарылмауына байланысты сөгіс алды.
Мұнайлы ауданында тазалық жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуі және аудан ішіндегі қоқыстардың тазаланбауына байланысты, аудан тұрғындарына ауыз су жеткізуді жүйелі түрде ұйымдастыра алмаған аудан әкімі Рахат Елтизаровқа да сөгіс жарияланды.
Бұған дейін аудан әкіміне аумақтарды санитарлық тазалау және қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау бойынша бірнеше рет тапсырма берілген болатын», делінген хабарламада.
Аппараттық жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев өңірдегі жұмыспен қамту жол картасының орындалысы жөнінде баяндады. Маңғыстау облысында жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде 5 350 жұмыс орны құрылды.
Аппараттық жиын кезінде Маңғыстау облысындағы коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиологиялық ахуал сөз болды.
Облыс бойынша әкімдіктер жанынан құрылған мониторинг топтар соңғы 5 күнде рейд жүргізіп, 577 нысанды тексерді. Нәтижесінде карантин талаптарын бұзған 6 нысан иесіне ескерту берілді.