Мұнайшы ауылының тұрғыны Нұржамал Серікқызы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 583 400 теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. Бөлінген қаражатқа нан өнімдерін дайындауға арналған құрал-жабдықтарды сатып алып, кәсібін бастап кетті.
Нұржамал Серікқызы 2020 жылы «Бастау-бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері оқу курсынан өтіп, сертификат алған.
«Нан өнімдерін, оның ішінде торт, самса, бөлке, пирог, тәтті бәліш, нан дайындап, тапсырыс алып бастағаныма 2 жылдай болды. Осы күнге дейін үйдегі қарапайым пешке пісіріп, өнім даярлауға көп уақыт жұмсап жүрдім. Мәселен, қарапайым пешпен бір торт дайындауға 3 сағат кететін болса, конвенциялық «Smeg» пешімен 1 сағатта даярлаймын. Грант есебінде берілген қаражатқа бірнеше құрал-жабдықтар сатып алдым. Бүгінде үйде тапсырыстарымды қабылдап, нан өнімдерін уақытылы жетізіп отырамын», - деді Нұржамал Серікқызы.
Ол алдағы уақытта кәсібін одан әрі дөңгелетіп, кондитерлік дүкен ашуды жоспарлап отыр.